Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы судья кадрларын даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған Кеңес Төрағасының өкімімен бекітілген Академияны дамыту Тұжырымдамасын іске асыруды жалғастыруда.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 130 судья, оның ішінде облыстық, аудандық және мамандандырылған ауданаралық соттардың судьялары, сондай-ақ сот төрағалары біліктілігін арттырудан өтті.
Курстардың білім беру бағдарламалары Кеңес Төрағасы Дмитрий Малахов белгілеген стратегиялық бағыттарды ескере отырып жаңартылған. Халықаралық стандарттарды интеграциялауға, практикалық дағдыларды қалыптастыруға, сондай-ақ заңнама мен сот практикасындағы өзгерістерге бейімделуге ерекше назар аударылды.
Академияда алғаш рет судьялардың кәсіби сұраныстарын ескере отырып, жеке онлайн-біліктілікті арттыру курстары енгізілді. Оларға еліміздің барлық өңірлерінен 150-ден астам сот жүйесінің өкілдері қатысты.
Тыңдаушылар курстар бағдарламасының жоғары деңгейін және олардың практикалық құндылығын атап өтті. Алынған білім мен дағдылар сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға ықпал ете отырып, кәсіби қызметте қолданысын табуда.
Сот төрелігі академиясы сот төрелігі саласындағы қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен халықаралық стандарттарға жауап беретін оқытудың заманауи тәсілдерін енгізуді жалғастыратын болады.