Жоғары Сот Кеңесі

Меню

Страницы

Статья

Жиі қойылатын сұрақтар

Үміткерлерге біліктілік емтиханына шақыру туралы қалай хабарланады?
Жауап:

Емтихан кезеңдерін, Біліктілік комиссиясының отырысын өткізу уақыты мен орны туралы хабарлау телефонограммалар жіберу, Жоғары Сот Кеңесінің сайтында жариялау арқылы, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыруды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жүргізіледі.

 

Еңбек өтілін растау үшін мемлекеттік қызметшілер қызметтік тізім ұсынуы қажет пе?
Жауап:

Жоқ, себебі мемлекеттік қызметшілер еңбек кітапшасының көшірмесін тапсырады.
Кадр қызметі куәландырған қызметтік тізімнің көшірмесін тек қызметтегі және бұрынғы әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері ғана ұсынады.

 

Біліктілік емтиханын тапсыруды кейінге ауыстыруға бола ма?
Жауап:

Біліктілік емтиханын тапсыруды кейінге ауыстыру үшін дәлелді себептерді көрсете отырып, емтихан тапсыру мерзімін ауыстыру туралы тиісті өтінішті Біліктілік комиссиясына ұсыну қажет.
Дәлелді себептерге мыналар жатады:
1) біліктілік емтиханын тапсыруға жіберілген адамның ауруы, баланың ауруы (кенеттен, емдеу мекемелерінің құжаттарымен, анықтамаларымен расталған; балалардың ұзақ немесе созылмалы сипаттағы ауруы дәлелді себептер қатарына жатпайды);
2) қайтыс болу туралы куәлік арқылы расталған (жерлеу және өзге де рәсімдерді жүргізу үшін бір күннен жеті күнге дейінгі кезеңге) Қазақстан Республикасы Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көрсетілген тұлғаларға жататын, жақын туысының қайтыс болуы;
3) біліктілік емтиханын тапсыру үшін келуге кедергі келтіретін форс-мажорлық мән-жайлар (ішкі істер органдарының немесе метеорологиялық қызметтердің анықтамаларымен, әуежайлар, теміржол және автовокзалдар қызметтерінің анықтамаларымен расталған ауа райы жағдайлары);
4) аттестаттау, іссапар (бұйрықтардың көшірмелері);
5) тарап, куә, үшінші тұлға ретінде сот процесіне қатысу (сот шақыру қағаздарының көшірмелері). Сотта қорғаушы немесе мүдделерін қорғау жөніндегі мемлекет өкілі ретінде қатысуы дәлелді себептер қатарына жатпайды.

 

Заң мамандығы бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар және құқықтың жекелеген салаларының мамандары үшін қысқартылған біліктілік емтиханы қандай кезеңдерден тұрады?
Жауап:

Құқық саласының жекелеген салаларындағы мамандар үшін біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі мыналарды қамтиды:
- психологиялық тестілеу;
- сот практикасындағы жағдайларды кескіндейтін мәселелерді шешу негізінде үміткердің бар білімін практикада қолдану қабілетін тексеру (кейстік тапсырмаларды шешу).

 

Заңнаманы білу бойынша компьютерлік тестілеу нәтижесі қанша уақытқа жарамды?
Жауап:

Заңнаманы білу бойынша компьютерлік тестілеудің оң нәтижесі оны тапсырған сәттен бастап бір жылға жарамды. Теріс нәтиже алған жағдайда үміткер үш айдан кейін компьютерлік тестілеуді қайта тапсыру үшін өтініш беруге құқылы.

 

Жоғары Сот Кеңесінде біліктілік емтиханын сәтті тапсырған тұлғалар конкурсқа қатысу үшін қандай құжаттар ұсынуы қажет?
Жауап:

Бос судья лауазымдарына орналасуға конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар хабарландыруда белгіленген мерзімде Жоғары Сот кеңесіне мынадай құжаттарды ұсынады:
-өтініш (кандидат сауалнамасы);
-жеке куәліктің көшірмесі;
-арнаулы орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы дипломның және оларға қосымшаның көшірмелері;
-еңбек кітапшасының көшірмесі (ол болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабында көзделген еңбек қызметін растайтын құжаттар);
-денсаулық жағдайы туралы анықтама;
-наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғаны жөнінде мәліметтердің жоқтығы туралы анықтамалар;
-жұмыс орны бойынша Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысы.

 

Судья лауазымына орналасу конкурсына алғаш рет қатысатын тұлғалар облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алуы қажет пе?
Жауап:

2023 жылғы наурызда қабылданған қолданыстағы заңнамаға енгізілген заңнамалық түзетулерге сәйкес, судья лауазымына орналасу конкурсына алғаш рет қатысатын кандидаттар үшін облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алу талап етілмейді.
Мұндай талап тек қызметтегі және бұрынғы судьялар үшін ғана сақталады, бұл ретте тек жұмыс орны бойынша облыстық соттың қорытындысын алу қажет.

 

Егер кандидат бір өңірде жұмыс істесе, ал конкурсқа басқа өңірдің соттарындағы лауазымдарға қатысса, Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысын қай өңірден алу қажет?
Жауап:

Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысын кандидаттың жұмыс орны бойынша алу қажет. Басқа аймақтағы Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысын алу талап етілмейді.

 

Бала күтімі бойынша демалыста жүрген бұрынғы судьялар мен судьялар үшін облыстық соттың және Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің жалпы отырысының қорытындысын қай өңірден алу қажет?
Жауап:

Бұрынғы судьялар, сондай-ақ бала күтімі бойынша демалыстағы судьялар облыстық соттың және Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің жалпы отырысының қорытындыларын судьяның соңғы жұмыс орны бойынша немесе олар судья болып істейтін өңірден ғана алады.

 

Қандай жағдайларда судья лауазымдарына конкурсқа қатысатын кандидаттардың құжаттарының қолданылу мерзімі аяқталады? Мысалы, егер анықтаманың қолданылу мерзімі 28.02.2024 ж. аяқталады, ал конкурс 26.02.2024 жылы жарияланса, құжаттарды қабылдау мерзімі 18.03.2024 жылға дейін болса?
Жауап:

Егер құжат конкурс жарияланған сәтте жарамды болса, онда кандидат конкурсқа қатысуға құқылы.

 

Алғаш рет судья лауазымына орналасқысы келетін кандидатқа қандай жағдайларда еңбек кітапшасының көшірмесін ұсыну талап етілмейді?
Жауап:

Жалғыз жұмыс орны құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік орган болып табылатын, еңбек кітапшасын жүргізбей, жазбалары тек қызметтік тізімге енгізілетін кандидат еңбек кітапшасының көшірмесін ұсынбайды. Егер кандидат осындай мемлекеттік органға қызметке келгенге дейін өзге жерлерде жұмыс істесе және оның еңбек кітапшасы болса, онда еңбек кітапшасы да, қызметтік тізімі де ұсынылады.

 

Жалпы отырыстардың және Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қорытындыларының қолданылу мерзімі қандай?
Жауап:
Жоғарғы Соттың және облыстық соттардың, сондай-ақ Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің жалпы отырысының қорытындыларының қолданылу мерзімі – 1 жыл.

Қалған құжаттар әр конкурс сайын жаңартылады.

 

Құқықтың жекелеген салаларында жұмыс тәжірибесінің болуын растау үшін арнайы конкурс аясында қандай құжаттар ұсыну қажет?
Жауап:

Құқықтың жекелеген салаларындағы тәжірибесін растайтын құжаттарға мыналар жатады:
1) еңбек кітапшасындағы тиісті құқық салаларындағы білімді талап ететін жұмыс тәжірибесінің болуын растайтын мәліметтер;
2) кандидаттың істердің тиісті санаттары бойынша сот отырысына сот өкілі ретінде қатысқанын растайтын сот актілерінің көшірмелері (сот отырыстарына жылына кемінде 5 рет қатысу);
3) тиісті құқық салаларындағы ғылыми және оқытушылық қызметтегі тәжірибесін растайтын құжаттар;
4) жоғарыда аталған құқық салаларында мамандандырылудың барын растайтын өзге де құжаттар.

 

Судья лауазымдарына ұсынылған кандидаттар жеке конкурс аясында тағылымдамадан өте ме, және оның мерзімі қандай?
Жауап:

Жеке конкурс аясында облыстық соттардағы судья лауазымдарына ұсынылған кандидаттар қайда ұсынылған болса, міндетті түрде сол соттарда тағылымдамадан өтеді. Стандартты конкурс аясында өтетін тағылымдамадан айырмашылығы, ол тек 1 айға созылады.

 

Кеңес қаншалықты ашық орган және конкурстық рәсімдерге қоғамдық бақылау қалай қамтамасыз етіледі?
Жауап:
Судья лауазымдарына конкурстық іріктеу рәсімдері ашық болып табылады. Жоғарғы Сот судьяларының, облыстық соттар алқалары төрағалары мен судьяларының, аудандық соттар судьяларының бос судьялық лауазымдарына орналасуға арналған конкурстың қорытындысы шығарылатын Кеңестің отырысы Кеңестің интернет-ресурсында онлайн-трансляция арқылы ашық форматта өткізіледі. Әрбір ниет білдіруші Кеңес отырысы өткізілетін күні ресми интернет-ресурста орналастырылған сілтеме бойынша өтіп, іріктеу процесін тікелей эфирде бақылай алады.

 

Қандай судья лауазымдарына  кадр резерві қалыптастырылады?
Жауап:

Кадр резерві жоғары тұрған лауазымдарға – Жоғарғы Соттың судьялары мен облыстық соттың судьяларына, басшы лауазымдарға – Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларына, облыстық соттың төрағасына, сот алқаларының төрағаларына және аудандық соттың төрағасына қалыптастырылады.

 

Жоғары тұрған және басшы судья лауазымдарына кадрлық резервте кімдер тұра алады?
Жауап:

Жоғары тұрған және басшы судья лауазымдарына кадр резервінде жұмыста жақсы көрсеткіштері бар, мінсіз беделге ие және осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін қызметтегі судьялар резервте тұра алады.

 

Кадр резервіне қабылдау үшін судьялар қандай құжаттар ұсынуы қажет?
Жауап:

Судьяны кадр резервіне қабылдау туралы мәселені қарау үшін судья Кеңеске тек өтініш (құжат айналымының электрондық жүйесі бойынша) жіберуі тиіс. Өтінішті судья аты-жөнін, лауазымын, байланыс телефонын, берілген күнін көрсете отырып, Комиссия төрағасының атына береді.

 

Судья бірнеше жоғары және басшы судья лауазымдарына кадр резервіне қабылдау туралы өтініш бере ала ма?
Жауап:

Судьяның кадр резервінде болғысы келетін лауазымдарға тиісті білімі және біліктілік талаптарына сәйкестігі болған кезде судья бірнеше жоғары тұрған және басшы судья лауазымдарына резервке ұсынылуы және қабылдануы мүмкін.

 

Кадр резервінде болу мерзімі қандай?
Жауап:

Жоғары тұрған судья лауазымдарына резервте болу мерзімі – үш жыл, басшы судья лауазымдарына – бес жыл.

 

Судья қандай теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін?
Жауап:

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 39-бабында судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту үшін негіздердің толық тізбесі көзделген:
1) сот iстерi мен материалдарын қарау кезiнде заңдылықты өрескел бұзғаны үшiн тартылуы мүмкін;
2) судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшiн тартылуы мүмкін.
Сот төрағалары және соттардың сот алқаларының төрағалары осы Конституциялық заңда көзделген лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.

 

Сот жюриінің судьяларға қатысты материалдарды қарау тәртібі қандай?
Жауап:
«Қазақстан Республикасы судьяларының сот жүйесі мен мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 38-1-бабының 2-тармағына сәйкес, Сот жюриі судьяларға қатысты материалдарды мыналардың негізінде қарайды:
1) судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін судьяға қатысты, лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сот төрағасына немесе соттың сот алқасының төрағасына қатысты Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы;
2) облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік іс жүргізу шеңберінде сот төрағасының немесе сот алқасы төрағасының әрекеттерін тексеру үшін оған қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы шешімдері;
3) сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі бойынша істі қараған сот алқасының ұсынуы;
4) судья әдебі жөніндегі комиссиялардың судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік іс жүргізу шеңберінде судьяның әрекеттерін тексеру үшін оған қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы, сондай-ақ тексеру қорытындылары бойынша судьяның судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасау фактісі расталған масс-медиадағы, онлайн-платформалардағы, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарындағы мәліметтер бойынша шешімдері.
Сот жюриінің судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуге өздігінен бастамашылық жасауға құқығы жоқ.

 

Судьяға, сот төрағасына және сот алқасының төрағасына қатысты қандай тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін?
Жауап:

Судьяға, сот төрағасына және сот алқасының төрағасына қатысты тәртіптік жазаның келесідей түрлері қолданылуы мүмкін.
1) ескерту;
2) сөгіс;
 3) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше атқармағаны үшiн сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметiнен босату;
4) судья қызметінен босату.

 

Заңдылықты өрескел бұзу дегеніміз не және мұндай бұзушылық қалай белгіленеді?
Жауап:

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 39-бабына сәйкес, заңдылықты өрескел бұзу деп судья өзінің адал болмауы немесе ұқыпсыздығы салдарынан жол берген, заңды анық және елеулі түрде бұзуы түсініледі.
Заңдылықтың өрескел бұзылу фактісін осы негіз бойынша сот актісінің күшін жойған немесе өзгерткен жоғары тұрған сот сатысы анықтайды және істі қараған судьялардың алқа құрамы қол қойған, судьяны заңдылықты өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі жөніндегі ұсынуда көрсетіледі.

 

Судьяның шығарған сот актісі жойылған немесе өзгертілген жағдайда судьяны тәртіптік жауапкершілікке тартуға бола ма?
Жауап:

Судьялық қате, сондай-ақ сот актiсiнiң күшiн жою немесе оны өзгерту, егер заңдылықтың өрескел бұзылу фактісі анықталмаса, судьяның жауаптылығына алып келмейді.

 

Іс бойынша шығарылған сот актісімен келіспеген жағдайда судьяның әрекеттеріне Сот жюриіне шағымдануға бола ма?
Жауап:

Іс жүргізу заңнамасының ережелеріне байланысты сот актілерінің заңдылығын және сот ісін қарау кезінде судьяның іс жүргізу әрекеттерін тексеру мәселелері жоғары тұрған соттардың айрықша құзыретіне жатады.
Істі қарау кезінде сот актілерімен және судьяның іс-әрекеттерімен келіспеу туралы дәлелдерге процестік заңнамада көзделген тәртіппен жоғары тұрған сот сатысына ғана шағым жасалуы мүмкін.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 1-бабының 1-тармағына сәйкес, сот iсiн қарау тәртiбiмен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның немесе лауазымды адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.
Шығарылған сот актілерімен келіспеген немесе сот істерін қарау кезінде заңның бұзылуы көрсетілген өтініштерді қарау Сот жюриінің құзыретіне кірмейді.

 

Судья әдебі кодексінің нормалары бұзылған жағдайда судьяның іс-әрекетіне шағымдану тәртібі қандай?
Жауап:

Судьяның сот билігі беделін түсіруге алып келген және судьяның беделіне нұқсан келтірген теріс қылық жасауы Судья әдебі кодексінің нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа негіз болады.
Бұл ретте судья әдебі нормалары мен мінез-құлық қағидаларын бұзғаны туралы мәліметтерді тексеруді, сондай-ақ бұзушылық фактісін судьялық әдебіне қайшы келетін теріс қылық деп тануды Судьялар Одағы филиалдарының судья әдебі жөніндегі тиісті комиссиялары жүзеге асырады.
Атап айтқанда, аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына және сот алқасының төрағасына қатысты тексерулерді облыстық және оларға теңестірілген соттар жанындағы судья әдебі жөніндегі комиссиялар жүргізеді.
Облыстық соттың төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясына және сот алқасының төрағасына қатысты тексеруді Жоғарғы Сот жанындағы судья әдебі жөніндегі комиссия жүргізеді.
Судьяның судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасау фактісі анықталған жағдайда, судья әдебі жөніндегі тиісті комиссия материалдарды Сот жюриіне беру туралы мәселені қарайды.

 

Судья қандай мерзім ішінде тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін?
Жауап:

Судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу теріс қылық анықталған күннен бастап – бір жылдан кешіктірілмей және теріс қылық жасалған күннен бастап екі жылдан кешіктірілмей басталуы мүмкін.

Дата публикации
17 ноября 2020
Дата обновления
04 сентября 2024
Тип

Сейчас читают

05 мая 2025
Аудандық және оған теңестірілген сот төрағасының, облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының, сот алқаларының төрағалары мен судьясының, Жоғарғы Сот судьясы мен сот алқаларының төрағалары лауазымдарына кадр резерві
05 мая 2025
Жоғары тұрған және басшылық судьялық лауазымдарға кадр резервінен шығарылған адамдардың тізімі
17 апреля 2025
Қосымша ақпарат

Социальные медиа

Страница на Facebook
Канал на Youtube

Меню подвал

Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы