Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтер халық арасында ең танымал қызметтердің бірі болып табылады. Жергілікті атқарушы органдар мен жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар (жер қатынастары бөлімдері) 13 мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Қажетті құжаттардың тізбесі, мемлекеттік қызметтер көрсетудің тәртібі, мерзімдері, нәтижелері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 01.10.2020 жылғы № 301 бұйрығымен бекітілген Жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қағидаларда айқындалған.
Электрондық форматта www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Жылжымайтын мүлік» бөлімінде келесі қызметтерді алуға болады:
- республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу;
- сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін, мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу;
- жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат беру;
- жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;
- іздестіру жұмыстары үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру;
- бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын келісу және беру;
- жер учаскесін алуға кезекке қою;
- ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыруға түпкілікті шешім беру.
Мынадай қызметтер:
- кент, ауыл жерлерінен жер учаскесін беру;
- жер учаскесін жеке меншікке біржолғы немесе бөліп-бөліп сату;
- жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту;
- жер учаскесінің бөлінгіштігі мен бөлінбейтіндігін анықтау;
- жер учаскесіне жалдау шартының телнұсқасын беру
қазіргі уақытта автоматтандырылмаған және көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесіне не «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ (ХҚКО) бөлімдері арқылы өтініш беру арқылы қағаз түрінде көрсетіледі.
Жер қатынастары саласында көрсетілетін жаңа мемлекеттік қызмет «Жер учаскесіне жалдау шартының телнұсқасын беру» қызметі болып табылады, оны қалалар мен аудандардың жер қатынастары бөлімдері екі жұмыс күні ішінде көрсетеді. Қажетті құжаттар тізіліміне тек жалдау шартының телнұсқасын беру туралы өтініш кіреді. Көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың дәйексіздігін анықтау, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған деректер мен мәліметтердің сәйкес келмеуі мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіз болады. Қызмет көрсету нәтижесі – жер учаскесіне жалдау шартының телнұсқасы (телнұсқасы белгісі бар) немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту.
Жер қатынастары саласында қандай да бір қызметті қалай алуға болатындығы туралы толық ақпарат www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталының сайтында «Жылжымайтын мүлік» бөлімінде орналастырылған.