Көктем кезеніңде елді мекендер аумағында құрғақ шөп пен қоқыстың тұтануы жағдайларының саны айтарлықтай артып келеді. Осындай жағдайлар әдетте қоқысты үйіндеу және жағу кезіндегі талаптарды бұзу салдарынан туындайды. Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі Ережелерінің талаптарына сәйкес қоқысты жағу тек ашық аумақтарда желсіз күндерде әр-түрлі ғимараттар, құрылымдар және сақталған материалдардан 50 метр қашықтықта және алғашқы өрт сөндіру құралдары (өрт сөндіргіш, су) бар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Қоқыс жағылатын алаң құрғақ шөп пен жапырақтардан тазалануы керек. Қоқыс тек күндізгі уақытта, тұрақты бақылау болған жағдайда ғана жағылуы қажет. Қоқыс жағылғаннан кейін отқа су құйылып мұқият өшірілуі тиіс. Өшірілмеген отты қараусыз қалдыруға тыйым салынады. Көбінесе азаматтар жоғарыда баяндалған ережелер талаптарына назар аудармайды, бұл нәтижесінде өртке себеп болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 336 бабына сәйкес өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды үйіндеу және жағу кезінде өрт қауіпсіздігінің талаптарын бұзғаны үшін азаматтар мен лауазымды тұлғаларға қатысты айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Зайсан ауданының ТЖБ бастығы азаматтық қорғау подполковнигі А.М.Нурбаев