ШҚО-да су тасқынына дайындық деңгейі айтылды

ШҚО-да су тасқынына дайындық деңгейі айтылды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында өңірдің су тасқынына дайындық жағдайы туралы баяндалды. Жалпы Шығыс Қазақстанда су басу қаупі бар 71 елді мекен бар. Жол карталары, инженерлік жұмыстар жоспары және өзге де бағдарламалар аясында жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шараларды ескере отырып, 16 елді мекенде су басу қаупі толығымен жойылды, 50 елді мекенде қауіп төмендетілді, 5 елді мекенде әлі де сақталып отыр.
1 ақпаннан бастап облыс аумағында жоғары дайындық режимі енгізілді. Осыған байланысты қар қорының жиналуы, топырақтың қату тереңдігі, су айдындарындағы мұздың қалыңдығы, өзендердегі су деңгейі, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың толу деңгейі, оның ішінде аэровизуалды мониторинг жүргізілуде.
«Каналдарды, арықтарды, су өткізгіш құрылыстар мен көпірлерді тазалау бойынша су тасқынына қарсы жұмыстар басталды. 233 мың текше метр қар шығарылды. Алтай және Глубокое аудандарында ұзындығы 900 метр болатын қорғаныс дамбылары жөнделді. Риддер қаласында, Алтай, Глубокое, Қатонқарағай, Шемонаиха, Үлкен Нарын және Ұлан аудандарында өзен арналары, арық жүйелері мен су бұру арналары бойынша жалпы ұзындығы 13 мың метрді құрайтын жұмыстар атқарылды. Марқакөл, Күршім және Шемонаиха аудандарында көпірлер мен автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Самар ауданында «Карповка» су қоймасына жөндеу жұмыстары жасалды», – деп хабарлады ШҚО «Жұмылдыру дайындығы және жұмылдыруды қамтамасыз ету қызметі» КММ басшысы Рафик Симбинов.
Биыл сондай-ақ аумағы 174 мың шаршы метрді құрайтын 19 мұз кептелісі қаупі бар учаске анықталды. Қаржылай қаражат бөлу жоспарлануда.
Облыс әкімдіктерінің резервінде қаптар қоры (59 мың дана), инертті материалдар (10 тонна), жанар-жағармай материалдары (380 тонна) дайындалған.
Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда күштер мен құралдар тобы құрылды, оның құрамында 3146 адам, 556 техника бірлігі, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпа бар.
Күштер мен құралдарды жедел жеткізу және зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау үшін ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның 1 тікұшағы тұрақты дайындықта тұр.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда халықты орналастыру үшін жалпы сыйымдылығы 21 мыңнан астам адамды құрайтын 182 қабылдау пункті дайындалды.