Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі (жүйе) жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрі болып табылады.
Жүйе шектеулі ынтымақтастық қағидатына негізделген, яғни әлеуметтік аударымдар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) жұмыс істейтін халық үшін төленеді. Бұл ретте, олар үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар түскен және әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған адамдар ғана әлеуметтік төлемдерді алушылар болып табылады.
Заңнамаға сәйкес, жүйе келесі әлеуметтік тәуекелдерді қамтиды:
- еңбекке қабілеттілігінен айырылу;
- асыраушысынан айырылу;
- жұмысынан айырылу;
- жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу;
- бір жарым жасқа толғанға дейінгі бала күтімі.
Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдердің жұмыскердің жалақысы емес екенін түсіну қажет, бұл әлеуметтік тәуекел туған кезеңдегі адамды әлеуметтік қолдаудың бір түрі болып табылады.
Осылайша, әлеуметтік төлемдер жүйенің есебінен жекелеген жосықсыз адамдарды байытуға мүмкіндік бермей, әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған.
Қазіргі уақытта республика бойынша жүйемен 6,8 млн. астам адам қамтылған, 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 958 млрд. теңге сомаға шамамен 1,4 млн. адам әлеуметтік төлем алды.
Төлем құрылымындағы негізгі үлес ана мен балаға байланысты төлемдерге тиесілі. Жыл сайын осы мақсатқа Қордан төленетін төлемдердің жалпы көлемінің 82% - дан астамы жұмсалады.
Бұл ретте, еңбекке қабілеттілігінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы жағдайы бойынша екі ұзақ мерзімді әлеуметтік маңызы бар төлем көзделген. Ұзақ мерзімді төлемдерден басқа, жұмысынан айырылу жағдайына да қолдау бар.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін МӘСҚ-ның тексеру шараларының нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді алуға жүгінушілермен еңбек қатынастарын растамаған кезде «жалған» еңбек қатынастары фактілері анықталған болатын.
Осындай фактілердің себептері көбінесе жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік тәуекелдің алдында (жүктілікке және босануға байланысты еңбекке жарамсыздық парағы берілген күнге дейін) жекелеген әйелдердің нақты еңбек қатынастарының болмауына қарамастан бір кезеңге бірнеше жұмыс берушілерден әлеуметтік аударымдарды төлеп, өздерінің кірістерін жасанды түрде арттыру тәжірибесінің таралуынан туындайды.
Қабылданған өзгерістер:
- жұмыс берушілердің санына қарамастан, жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу кезінде орташа айлық кірісті 7 ЕТЖ-ге дейін шектеуді;
- жүктілікке және босануға, бала күтімі жағдайлары бойынша кірісінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептегенде әлеуметтік тәуекелдер туындаған күннен кейін төленген әлеуметтік аударымдарды алып тастауды көздейді.
Бұл өзгерістерді жүзеге асыру сақтандырылған кірістерді жасанды түрде арттыру мүмкіндігін азайтуға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Нақты орташа айлық табысы белгіленген лимиттен асатын әйелдер үшін жұмыс беруші арқылы қосымша төлемдер алу мүмкіндігі қарастырылғанын қосымша хабарлаймыз. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші МӘСҚ-дан төленген соманы шегере отырып, орташа жалақысын сақтай отырып, жүктілігі және босануы жағдайына демалысқа ақы төлейді. Бұл еңбек шартында немесе ұжымдық шартта көзделуі мүмкін, егер мұндай ереже болмаса, қызметкер оны сол құжаттарға енгізуді талап етуге құқылы (Әлеуметтік кодекстің 71- бабы 3 тармағы және Еңбек кодексінің 99- бабы 4- тармағы).
Шығыс Қазақстан облысы бойынша
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ
филиалы