Үлкен Нарын ауданында «Нарын асылдары» ардагерлер ансамблінің бір жылдық мерейтойлық концерті өтті

Үлкен Нарын ауданында «Нарын асылдары» ардагерлер ансамблінің бір жылдық мерейтойлық концерті өтті

2026 жылғы 21 ақпанда Үлкен Нарын аудандық мәдениет үйінде аудандық ардагерлер ұйымы жанынан құрылған «Нарын асылдары» ансамблінің бір жылдық мерейтойына арналған концерт өтті.
Іс-шараның мақсаты – аға буын өкілдерінің өнер арқылы қоғамдық өмірге белсене араласуын насихаттау, ұлттық ән өнерін дәріптеу, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
«Нарын асылдары» ансамблі 2024 жылы құрылған, ұжым жетекшісі – аудандық әжелер алқасының төрайымы Ольга Федоровна Исабекова. Құрамында түрлі салада ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлер – ұстаздар, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет саласының өкілдерімен қатар, балабақша тәрбиешілері мен кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар бар. Ұжымның репертуары халық әндері мен қазақ композиторларының кең таралған туындыларынан тұрады.
Мерейтойлық концерт барысында ансамбльдің бір жыл ішіндегі шығармашылық жолы таныстырылып, көрерменге вокалдық және ансамбльдік орындаулар ұсынылды. Кеш аясында ұжымның жетістіктері атап өтіліп, қатысушыларға құрмет көрсетілді.
Өткен кезеңде ансамбль аудан көлемінде ғана емес, ауылдық округтерге гастрольдік сапарлар жасап, тұрғындармен мәдени кездесулер өткізді. Сонымен қатар Алтай қаласында «Дружба» әжелер тобымен, Катонқарағай өңірінде «Қазыналы Катонқарағай» ансамблімен шығармашылық байланыс орнатып, тәжірибе алмасу шараларын жүзеге асырды.
Ұжым еңбегі жоғары бағаланып, Қарттар күніне орай облыс әкімінің марапатына ие болған.
Кеш барысында көршілес Катонқарағай ауданынан «Қазыналы Катонқарағай» ансамблі және Алтай қаласындағы Достық үйі жанындағы Қазақ мәдени орталығының өкілдері арнайы келіп, ұжымды құттықтап, мерейтойлық шашу ұсынып, қонақкәде ретінде өз өнерлерін тарту етті.
Іс-шарада аудан әкімінің аппарат басшысы Елдос Оразханов құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлердің қоғамдағы орны мен өнегелі өмір жолының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде «Нарын асылдары» ансамблінің қысқа уақыт ішінде ауданның мәдени өмірінде өзіндік орны бар шығармашылық ұжымға айналғанын айтып, олардың өнер арқылы ел бірлігін нығайтуға қосып отырған үлесін ерекше бағалады.
Қонақтарға аудан әкімдігі атынан дәстүрге сай ансамбль жетекшілерінің иықтарына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
«Нарын асылдары» ансамблі бүгінгі таңда зейнет жасындағы азаматтардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасап, өнер арқылы рухани құндылықтарды насихаттап келеді.
Мерейтойлық концерт – ұжымның бір жылдық еңбегінің қорытындысы ғана емес, алдағы шығармашылық дамуына серпін беретін маңызды кезең болды.