Үлкен Нарын ауданында Президент Жолдауының негізгі бағыттары мен міндеттері кеңінен талқыланды

Үлкен Нарын ауданында Президент Жолдауының негізгі бағыттары мен міндеттері кеңінен талқыланды

Бүгін Үлкен Нарын ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының мазмұнын талқылауға арналған кеңес өтті. 

Жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, Жолдауда белгіленген басым бағыттар мен қойылған міндеттерге кеңінен тоқталды. 

Облыс әкімінің орынбасары Нұрғалиев Ербол Жолдаспекұлы Президент Жолдауы қазіргі тарихи кезеңдегі ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті. 

Кеңес барысында ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын стратегиялық басымдықтар, соның ішінде цифрландыру, экономиканы әртараптандыру, адами капиталды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру мәселелері бойынша нақты пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

Сондай-ақ, Үлкен Нарын ауданының әкімі Байрахметов Елдос Жанболатұлы Жолдауда көтерілген басым бағыттарға тоқталып, Мемлекет басшысы айқындап берген әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне өту жолындағы нақты іс-шаралар мен жоспарлар туралы баяндап берді.

          Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы филиалының  төрағасы Айтказин Елдос Базарбекұлы, Үлкен Нарын ауданы қоғамдық кеңесінің мүшесі, зейнеткер Бопуров Қайрат Сейтказинович өз ойларын ортаға салып, Жолдауда көтерілген бастамаларға қатысты пікірлерін білдірді.

Жиын соңында Мәлік Отарбаев өңір активін Мемлекет басшысының «Адал азамат», «Адал еңбек», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыру жолында бірлік пен ынтымақты нығайтуға шақырды.