Жазғы туристік маусымның салтанатты ашылу рәсімі

Жазғы туристік маусымның салтанатты ашылу рәсімі

 

Ауданымыздағы көркем Шалқар көлінің жағасында жазғы туристік маусымның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл шара өңірдің табиғи байлықтарын насихаттауға, туризм саласын дамытуға және тұрғындар мен қонақтардың назарын табиғат аясындағы белсенді демалысқа аударуға бағытталды.

Мереке салтанатты концерттік бағдарламамен басталды. Жергілікті және аймақтық шығармашылық ұжымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, табиғатпен үйлескен ән мен биден тамаша көрініс ұсынды. Қонақтар үшін арнайы ұйымдастырылған садақ ату, спорттық ойындар, атпен және түйемен серуендеу, баггимен жүру сынды белсенді демалыс түрлері үлкен қызығушылық тудырды.

Шара аясында құрылған этноауылда қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылып, салт-дәстүрлер мен тұрмыстық ғұрыптар таныстырылды. Қолөнер жәрмеңкесі де ерекше назарға ілікті – мұнда қолдан жасалған бұйымдар, ұлттық әшекейлер мен естелік кәдесыйлар келушілер тарапынан жоғары сұранысқа ие болды.

Бұл іс-шара жазғы маусымның ресми басталуын ғана емес, сондай-ақ аймақтың туризм әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланады. Табиғи сұлулығымен ерекшеленетін Шалқар көлі мен оның айналасындағы демалыс аймақтары жыл сайын мыңдаған туристі тартуда.