Авторлық құқық-бұл ғылым, әдебиет және өнер туындыларын жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастар. Авторлық құқық мүліктік және мүліктік емес құқықтарды қамтиды.
Қазақстан Республикасында авторлық құқық автордың бүкіл өмірі бойы және ол қайтыс болғаннан кейін 70 жыл бойы қолданылады. Авторлық құқық, оның есімінің құқығы және автордың беделін қорғау құқығы мерзімсіз қорғалады.
Авторлық құқық туынды жасалған кезден бастап туындайды және қандай да бір тіркеуді және өзге де формальдылықтарды талап етпейді. Алайда, құқықтар бұзылған жағдайда, (мүліктік емес) құқықтарды тіркеу туралы куәлік автордың пайдасына қосымша дәлел бола алады.
«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - Заң) 7 бабына сәйкес, авторлық құқық объектiлерi болып табылады: әдеби туындылар, драмалық және музыкалық-драмалық туындылар; сценарий туындылары, хореография және пантомима туындылары, мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар, дыбыс-бейнежазу туындылары, кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары, қолданбалы өнер туындылары, сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi туындылары, суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар, карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар, ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар және өзге де туындылар.
Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады: туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер), жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.
Туынды және құрама шығармалар, өздерiнiң негiзге алынған немесе өздерiне енген туындылардың авторлық құқық объектiлерi болу болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады.
Заңның 9 бабына сәйкес, ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi.
Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор және (немесе) құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады:
1) қоршауға алынған латынша "С" әрпi ©;
2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);
3) туындының алғаш жарияланған жылы.
Автор жарияланбаған туындыға жеке мүлiктiк емес құқықтарын куәландыру үшiн авторлық құқықтың қорғалатын мерзiмi iшiнде кез келген уақытта қажетті мәліметтерді осы Заңға сәйкес Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тiзiлiміне (бұдан әрі – Тізілім) енгізуге құқылы.
Заңның 9-1 бабының күшіменен, мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, автордың өтініші алынған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.
Тізілімде автордың өтініші алынған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде енгізілген мәліметтердің тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін техникалық сипаттағы қателер түзетілуі мүмкін.
Мәліметтерді Тізілімге енгізу туралы өтінішке туындының бір данасы және осы көрсетілген қызметке ақы төленгендігін растайтын құжаттың көшірмесі және қажет болған жағдайда ақы төлеу мөлшерін азайту негізін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Туындының бір данасының орнына өтінішке – эскиздер, сызбалар, суреттер немесе фотосуреттер, ал ЭЕМ-ге немесе дерекқорға арналған бағдарламаларға қатысты бағдарламаның немесе дерекқордың атауын, автордың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, функционалдық мүмкіндіктерін, негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін, сондай-ақ бастапқы кодын (бастапқы мәтінді) қамтитын реферат қоса берілуі мүмкін.
Діни мазмұндағы туындыларға қатысты дінтану сараптамасының оң қорытындысының көшірмесі қосымша ұсынылады.
Құрамдас туындыға немесе туынды шығармаға қатысты төл туындының авторымен немесе құқық иеленушісімен жасалған авторлық шарттың көшірмесі қосымша ұсынылады.
Бөлек тең авторлықпен шығарылған туындыларға авторлық құқықтар туралы мәліметтер тең авторлардың кез келгені оны өзінің өтінішінде көрсеткен жағдайда Тізілімге бөлек енгізілуі мүмкін.
Тізілімге бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (көрсететін қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерінен) ажыратуға қызмет ететін (арналған) туындыларға құқықтар туралы мәліметтер енгізілмейді.
Автор құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда сараптама ұйымы өтінішті қабылдаудан бас тартады, ал осы баптың талаптары сақталмаған жағдайда сараптама ұйымы қызметтерді көрсетуден бас тартады.
Уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша куәлік беру тиісті мәліметтерді Тізілімге енгізуді растау болып табылады.
Тізілімнен алынған мәліметтердің күшін жою автордың өтініші бойынша, сондай-ақ соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.
Зияткерлік меншік құқықтары
бөлімі басшысының м.а. – Қайдаров Е.Қ.