2021 жылдың 15 сәуірінде «Ұлан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ «Дарын» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, музыкант, күйші, Қаршыға Ахмедияровтың 75 жылдығына арналған «Күй - шежіре» атты аудандық күйшілер байқауын онлайн түрде өткізді. Қазақтың күйіне құдірет, үлкен рух бітірген күйші, музыкант, еліміздің ұлттық тұлғасы саналған домбырашы Қаршыға Ахмедияровтың шығармашылығын насихаттау, халық арасынан күй өнеріне ден қойған домбырашыларды іздеп табу, аудандағы талантты күйшілердің шығармашылығын дамыту мақсатында өткізілген бұл байқауға 6 ауылдық округтен 7 үміткер қатысты.
Құрамында халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің «Домбыра» ПЦК (пәндік циклдік комиссиясы немесе бөлімі) оқытушысы, күйші, оркестр дирижеры Рысханов Шалқар Рысханұлы, аудандық мәдениет үйінің «Бескөл» халықтық фольклорлық ансамблінің жекетшісі, күйші Төреханұлы Мирас, балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы, «Бескөл» халықтық фольклорлық ансамблінің домбырашысы, күйші Мухаметова Іңкәр және Өскемен қаласының № 45 бейімдік орта мектебінің музыка пәні оқытушысы, күйші Азатбек Орынбек бар қазылар алқасы байқауға қатысушылар орындаған күйлер түсірілген бейне жазбаларды сараптады және төмендегідей шешім шығарып, Бас жүлдені Айыртау ауылдық округінен Қилымхан Жұмабекке, 1-орынды Бозанбай ауылдық округінен Нөсерхан Күнгейге, 2- орынды Өскемен ауылдық округінен Амангельдинов Жәнібекке және 3- орынды Алмасай ауылдық округінің үміткерлері Амантай Саяжан мен Джетишал Әбілмансұрға тағайындады. Ал Егінсу ауылдық округінен қатысқан Қазез Жанарбек ынталандыру сыйлығына ие болды.
Ұлттық рухани қазынамыз - қазақтың қоңыр домбырасының шанағынан төгілген күмбір күйді дәріптеу, ауданда күй өнерін дамыту мақсатында алдағы уақытта күйшілер байқауларын ауқымды деңгейде ұйымдастырып өткізу жоспарланып отыр.
«Дарын» МКҚК