
Аудан тұрғындарымен тұрақты кездесулер жалғасуда. Жоспар бойынша 45 елді мекеннің 42-сін аралау көзделіп отыр. Мақсатымыз – шалғай ауылдарды аралап, өзекті мәселелерді анықтау және тұрғындардың пікірін тыңдау.
Бүгін Тарғын ауылдық округінің Манат, Жоғары Тайынты, Тарғын және І. Айтықов ауылдарының тұрғындарымен кездестім. Кездесу барысында ауылдарға қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ең шалғайдағы Манат ауылына апаратын жолды жөндеу, интернет байланысын тарту және фельдшер маманын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды. Қоғамдық кеңестің мүшесі Бақтыжамал Акитбаева бұл мәселені қазан айында Таврияда өткен облыс әкімі Н. Сақтағановтың аудан тұрғындарымен кездесуінде де көтерген болатын.
Сонымен қатар тұрғындар жер мәселесі, тұрғын үйге қатысты сұрақтар, ауыл көшелерін жарықтандыру және қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалау мәселелерін талқылады.
Барлық мәселелер мұқият қаралып, шешім қабылдау үшін тиісті бақылауға алынды.