«Шығыс Салбурыны – 2025» V мерейтойлық халықаралық фестивалінің ашылуына санаулы күндер қалды. Ал осыған қарамастан, Улан ауданының Бозанбай ауылына алғашқы қатысушылар келе бастады. Бүгін Мәскеу мен Венгриядан келген делегациялар ауылға табан тіреді — оларды қазақтың кеңпейілділігі мен Ұлы даланың бай мәдениеті қызықтыруда.
— Басты мақсатым — жарыстарға қатысу. Өйткені қазіргі таңда Ресей Федерациясында дәл осындай деңгейдегі және ауқымдағы шаралар жоқ. Бұл — өте маңызды әрі құнды тәжірибе. Қазақтың дәстүрлі бүркітшілік мектебінің тарихы тереңде жатыр. Менің ойымша, осы мектепті зерттеу менің құсбегілікпен айналысу және үйрету әдістеріме тың серпін беретініне сенемін, — дейді фестиваль қонағы, Мәскеуден келген Александр Малахов.
Еске салайық, фестиваль 8–11 қазан аралығында өтеді және биыл ұлттық мәдениет пен этнотуризм саласындағы ең ауқымды оқиғалардың біріне айналмақ. Фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Моңғолия, Венгрия, Қырғызстан секілді шет мемлекеттерден келген қатысушылар қатысады. Бағдарламада — жылқы жарыстары, этно-шоу, қолөнер көрмелері, концерттер және нағыз қазақы қонақжайлық рухы күтілуде.
«Шығыс Салбурыны» — бұл тек фестиваль ғана емес, ұлттың рухани мұрасын жаңғыртып, халықтар мен буындарды біріктіретін дәстүр мерекесі. Жаңалықтарды бақылауда ұстаңыз — алда ең қызығы болады!