Ұлы Отан соғысының ардагері, Жапониямен соғысқа қатысушы, жауынгер-байланысшы Георгий Андреевич Гудковтың туғанына биыл – 100 жыл. Осыған орай Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінде орналасқан Ұлан ауданының мемлекеттік архивінде тағылымдық шара мен тарихи көрме ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында оқушыларға ардагердің өмір жолы, соғыстағы және бейбіт өмірдегі ерен еңбегі жайлы кеңінен мәлімет берілді. Георгий Андреевичтің ерлігі мен еңбегін дәріптейтін архивтік құжаттар көрсетіліп, өмірбаяны баяндалды. Архив мамандары балаларға соғыс жылдарындағы шынайы құжаттар мен марапаттар жөнінде айтып, оның тарихи маңызын түсіндірді.
Мектеп оқушылары архив қоймасындағы құжаттармен танысып, тарихты көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы өткенге сапар шеккендей әсер алды. Сонымен қатар, тақырыптық көрме арқылы ардагердің марапаттары мен фотосуреттері көрсетіліп, «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» ұранымен ардагер рухына тағзым етілді.
Георгий Андреевичтің өмірі – өскелең ұрпақ үшін үлгі боларлық тағылымды тарих. Осындай іс-шаралар арқылы жастардың ел тарихына, Отан қорғаушыларға деген құрметі арта түсері сөзсіз.