ШҚО делегациясы ШЫҰ халықаралық семинарына қатысуда

ШҚО делегациясы ШЫҰ халықаралық семинарына қатысуда

Қарамай, СҰАР (ҚХР) – Шығыс Қазақстан облысының өкілдері 21–25 сәуір аралығында Қытайдың Қарамай қаласында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) халықаралық семинарына қатысуда. Бұл шара цифрлық технологиялар, білім беру, туризм және IT салаларында кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған.

Қазақстандық делегация құрамында Шығыс Қазақстан облысының Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысы Бимагамбетов Қайрат Булатович және Oskemen Hub өкілі, орталық басшысы Дидар Мұратұлы болды. Олар цифрландыру саласы бойынша еліміздің мүддесін таныстырып, халықаралық деңгейдегі озық тәжірибелермен танысуға мүмкіндік алды.

Семинар «ШЫҰ ағашы» бастамасының шеңберінде өтіп, бес күндік оқыту, кәсіби байланыстар орнату және тәжірибе алмасуды қамтыды. Ұйымдастырушы – Қытай-ШЫҰ Үлкен деректер бойынша ынтымақтастық орталығының Синьцзяндық қосалқы орталығы.

Іс-шара барысында делегация Қарамай қаласындағы негізгі технологиялық орталықтарға, соның ішінде IT-паркке, сондай-ақ Huawei және T-Mobile компанияларының инновациялық хабтарына барды. Қатысушылар телекоммуникация, қалалық басқаруды цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану бағытындағы заманауи шешімдермен танысты.

Oskemen Hub жетекшісі Дидар Мұратұлының айтуынша, ұсынылған технологиялар мен ұйымдастырушылық тәсілдер цифрлық инфрақұрылымның жоғары деңгейде дамығанын көрсетті, және осы шешімдердің кейбірі Қазақстанда енгізуге бейімделуі мүмкін.

 Сонымен қатар, қытайлық әріптестермен бірлескен жобалар бойынша ынтымақтастық орнату мақсатында келіссөздер жүргізілді. Атап айтқанда, цифрлық оқыту платформаларын бірлесе әзірлеу және деректерді басқару жүйелерін енгізу бағытында өзара мүдделілік байқалды.

Бұл сапар халықаралық тәжірибені меңгеріп қана қоймай, Шығыс Қазақстанның цифрлық трансформациясы мен IT-экожүйесін дамытуда нақты іс-шаралар жасауға жол ашты, бұл өз кезегінде аймақтың инновациялық әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді.