«Digital Qazaqstan: Шығыс Қазақстанның цифрлық жобалары»

«Digital Qazaqstan: Шығыс Қазақстанның цифрлық жобалары»

2026 жылғы 9 маусымда елдің цифрлық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы қабылданды.

Қабылданған құжат жекелеген процестерді автоматтандыруға, сапалы деректер, заманауи цифрлық платформалар мен жасанды интеллект технологиялары негізінде мемлекеттік басқаруды, экономиканы және әлеуметтік саланы кешенді трансформациялау арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Шығыс Қазақстан облысы үшін Стратегия ережелерінің тікелей қолданбалы маңызы бар және олар Smart Region бастамалары арқылы қазірдің өзінде іске асырылуда. Біздің міндетіміз — цифрлық шешімдердің тұрғындар үшін нақты нәтиже беруін қамтамасыз ету: қауіпсіздікті арттыру, шешім қабылдау мерзімдерін қысқарту, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту және туындайтын мәселелерге жедел ден қою. Әдістемеге сәйкес облыстың цифрлық жетілу деңгейі 100 балдың 80-ін құрайды, бұл еліміздің өңірлері арасында бесінші орын. Smart Region-нің 16 міндетті бастамасының 14-і іске асырылды, өңірді басқару, экология және қауіпсіздік бағыттары толық орындалды.

Басты бағыттардың бірі — деректерді басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Өңірлік Data Lake («Деректер көлі») жүйесін толтыру шеңберінде 108 негізгі ведомстволық тізілім және тұрақты есептіліктің 238 нысаны өзектендірілуде. Өңірлік талдау орталығының базасында мемлекеттік органдардың, цифрлық жүйелердің, датчиктердің және аппараттық-бағдарламалық кешендердің деректері біріктіріледі. Бұл бытыраңқы ақпаратты жинаудан есептілікті автоматтандыруға, талдау панельдерін қалыптастыруға, тәуекелдерді болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдауды қолдауға арналған жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге көшуге мүмкіндік береді.

Қоғамдық және инфрақұрылымдық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Шығыс Қазақстан облысында «Cerebro O.P.E.R 2.0» платформасында отандық бейнеталдау бағдарламалық жасақтамасы енгізілді. Оның базасында болашақ Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне (ҰБМЖ) арналған деректерді өңдеудің үш орталығы құрылды: Өскеменде — 6 215 камера, Риддерде — 261, Алтайда — 221. Сонымен қатар өңірде жол жүрісі қағидаларының бұзылуын бейнетіркейтін 243 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді.

Оқиғаларға автоматты түрде ден қою үшін бейнеталдаудың
1 050 функциясы іске асырылды: бет-әлпетті тану, қоғамдық бейнебақылаудың 300 камерасында адамдардың топталуын анықтау, 439 камерада көлік құралының мемлекеттік нөмірін, моделі мен маркасын сәйкестендіретін көліктік талдау, қаруды тану және қараусыз қалдырылған заттарды анықтау.

Сонымен қатар табиғи және техногендік тәуекелдердің алдын алудың цифрлық құралдары дамытылуда. «Ситуациялық орталық» жүйесі қауіп деңгейін, мұз жағдайын, фотоматериалдар мен гидрологиялық бақылау деректерін көрсете отырып, су тасқыны қаупі бар 49 аймаққа мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді. Келесі кезеңде су деңгейі мен ағысының жылдамдығын өлшейтін автономды IoT-датчиктермен стратегиялық маңызы бар 26 гидробекетті жабдықтау көзделген, бұл модельдеу дәлдігін арттырып, су тасқыны қаупі туындаған кезде ден қоюды жеделдетеді. Ұшқышсыз ұшу аппараттары адамдар мен автокөліктерді іздеу, өрт шыққан аумақтарды бағалау, ауқымды аумақтарды зерттеу және жергілікті жердің үш өлшемді модельдерін жасау кезінде қолданылады.

Цифрлық технологиялар тұрғын үй-коммуналдық және экологиялық салаларда енгізілуде. Жылумен жабдықтау объектілерінде технологиялық параметрлерді бақылауды және ауытқуларды ерте анықтауды қамтамасыз ететін 23 датчик орнатылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мониторингі жүйесіне 52 бірлік арнайы техника және 569 контейнер алаңы қосылған; жыл басынан бері қалдықтарды шығару кестесін бұзудың 556-дан астам фактісі анықталды. 25 автоматтандырылған экологиялық бекеттен алынған ақпарат Өңірлік талдау орталығына түсіп, экологиялық ахуалдағы өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді.

Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жеке басымдық болып қала береді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы 349 елді мекеннің 290-ы, оның ішінде 6 қала мен 284 ауыл байланыс және Интернет желісі қызметтерімен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде облыс халқының заманауи байланыс қызметтерімен қамтылуы 98,6%-ды немесе 711 мың адамды құрайды. Бұл тұрғындардың электрондық мемлекеттік қызметтерге, қашықтан білім алуға, телемедициналық, қаржылық және басқа да цифрлық сервистерге тең қол жеткізуіне базалық жағдай жасайды.

Сонымен бірге облыста үлгілік шешімдерді қолдану әрдайым оңтайлы бола бермейтін, халқы аз әрі қатынауы қиын 59 елді мекен бар. Оларды байланыспен және Интернет желісіне қолжетімділікпен қамтамасыз ету әрбір елді мекеннің географиялық, климаттық және инфрақұрылымдық ерекшеліктерін, оның ішінде жер бедерін, шалғайлығын, электрмен жабдықталуын, көлік қолжетімділігін және қолданыстағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды ескере отырып, жеке техникалық шешімдер негізінде жүзеге асырылатын болады. Әрбір елді мекен үшін қосудың ең тұрақты әрі тиімді нұсқасы айқындалады. Мұндай атаулы жұмыс цифрлық теңсіздікті кезең-кезеңімен азайтуға және тұрғындардың тұрғылықты жеріне қарамастан мемлекеттік, білім беру, медициналық және қаржылық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Өңірлік стартаптарды дамыту да басым бағыттардың бірі. Oskemen Hub алаңында цифрлық сауаттылық, бағдарламалау және жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламалары, воркшоптар мен іс-шаралар өткізіледі. Біз университеттердің, жас әзірлеушілер мен IT-командалардың бастамаларын қолдаймыз, өйткені мамандарды даярлаусыз және өзіміздің технологиялық құзыреттерімізді дамытусыз Digital Qazaqstan-ды іске асыру мүмкін емес.

Бұл жұмыстың жалғасы ретінде Өскеменде Tomorrow School — 18 жастан асқан ересектерге арналған peer-to-peer форматындағы жасанды интеллект және бағдарламалау мектебі ашылды. Оқу
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған және тегін. Бағдарлама портфолиоға арналған 50-ден астам практикалық жобаны, Go, JavaScript, Rust және Python тілдерін, сондай-ақ жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және блокчейн бағыттарын қамтиды. Формат өзара оқытуды, кәсіби қауымдастықты және кампусқа тәулік бойы қолжетімділікті көздейді.

Бұл жұмыста жасанды интеллект маманның орнын басатын құрал емес, қабылданатын шешімдердің дәлдігі мен жеделдігін арттыру тетігі ретінде қарастырылады. Төтенше жағдайларды болжау, инфрақұрылымның жай-күйін талдау, азаматтардың өтініштерін өңдеу, зияткерлік бейнеталдау және үлкен көлемдегі деректермен жұмысты автоматтандыру өңір үшін перспективалы бағыттар болып табылады.

Дамудың келесі кезеңі — Smart City және Smart Region тәсілдерінің одан әрі эволюциясы ретінде «AI-Native Cities & Regions» моделіне көшу. Мұндай модельде жасанды интеллект деректер архитектурасы мен қаланы және өңірді басқару процестеріне әуел бастан енгізіледі. Біріктірілген деректер ағындары нақты уақытқа жақын режимде талданады, бұл тәуекелдерді алдын ала анықтауға, инфрақұрылымға түсетін жүктемені болжауға, іс-қимылдың оңтайлы сценарийлерін ұсынуға және тұрғындарға проактивті, дербестендірілген қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте негізгі шешімдер адамның бақылауында қалып, қауіпсіздік, ашықтық және деректерді қорғау талаптары сақтала отырып іске асырылады. Осылайша, басқару болжамды және бейімделгіш модельге көшеді.

Сонымен бірге әрбір цифрлық шешімді енгізу ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау талаптарын сақтаумен қатар жүруге тиіс. Цифрлық трансформация технологиялық қана емес, сондай-ақ қауіпсіз, түсінікті және азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған болуы керек.

Сайып келгенде, AI-Native Cities & Regions моделіне көшу, ең алдымен, адам мен оның қажеттіліктері цифрлық трансформацияның орталығында болатын клиентке бағдарланған тәсілді білдіреді. Іске асырылатын барлық цифрлық жобалар мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, оларды алу мерзімдерін қысқартуға және азаматтардың өмір сүруі үшін анағұрлым қауіпсіз, қолайлы әрі жайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Осылайша, Digital Qazaqstan іске асырылуының тиімділігі құрылған ақпараттық жүйелердің санымен емес, нақты өзгерістермен: тұрғындардың мәселелері қаншалықты жедел шешілетінімен, инфрақұрылымның қаншалықты сенімді жұмыс істейтінімен және заманауи цифрлық мүмкіндіктердің Шығыс Қазақстан облысының әрбір тұрғыны үшін қаншалықты қолжетімді бола түскенімен бағаланатын болады.

 

А. Сапаргалиев

Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары