iPhone қолданушыларына жаңа қауіп: алаяқтар iCloud арқылы алдауда

iPhone қолданушыларына жаңа қауіп: алаяқтар iCloud арқылы алдауда

The Guardian басылымының хабарлауынша, алаяқтар iPhone қолданушыларын зиянды сілтемелерге өтуді мәжбүрлейтін жаңа тәсілді қолдана бастады.

Бұл әдіс әсіресе осы көктемде кеңінен таралған. Қаскөйлер Apple компаниясының атынан электронды пошта арқылы хабарлама жіберіп, iCloud қоймасы толып қалды деп ескертеді.

Хабарламада егер шұғыл әрекет жасалмаса, барлық деректер жойылатыны айтылып, арнайы сілтеме ұсынылады. Алайда бұл сілтеме фишингтік сайтқа апарады.

Мамандардың айтуынша, мұндай хаттар ресми хабарламаға өте ұқсас келеді. Себебі Apple компаниясы шынымен де iCloud жады толғанда ескерту жіберуі мүмкін.

Сонымен қатар алаяқтар «төлем өтпеді» немесе «банк картасының мерзімі аяқталды» деген жалған ақпарат таратады.

Алаяқтық хаттың белгілері:
— күмәнді электронды пошта адресі;
— жедел әрекет етуге мәжбүрлеу;
— мәтіндегі орфографиялық қателер.

Сарапшылар мұндай хабарламаларды елемеуге немесе бірден спам ретінде белгілеуге кеңес береді.