ШҚО-дағы цифрлық трансформация: 98,5% интернет қамту және ЖИ енгізу

ШҚО-дағы цифрлық трансформация: 98,5% интернет қамту және ЖИ енгізу

Облыс активінің отырысында ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Бимағамбетов Қ.Б. «Өңірдің цифрлық трансформациясы» тақырыбында баяндама жасады.

Шығыс Қазақстан облысында цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл – Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтар. Негізгі назар деректерді басқаруға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге және цифрлық экономика үшін кадрлар даярлауға аударылған.

Ақпараттық жүйелердің бірыңғай архитектурасына көшу жүргізілуде, ақпараттық қауіпсіздік деңгейі арттырылып, функциялардың қайталануы жойылуда.

Аймақтық-талдау орталығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық қауіпсіздік, экология және азаматтардың өтініштері бойынша мониторинг жүргізеді. Бұл жұмыс 23 жылу көзінің, 6000-нан астам бейнекамераның және жасанды интеллект қолданылатын автоматтандырылған бекеттердің деректері негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2027 жылға дейін халықты толық байланыспен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде интернет-инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Қазіргі таңда облыс халқының 98,5%-ы байланыс және интернетпен қамтылған. Толық қамту 2026 жылдың соңына дейін, соның ішінде шалғай елді мекендер мен туристік нысандарды қоса алғанда, мерзімінен бұрын аяқталады деп жоспарлануда.

Цифрлық экономика үшін кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. ВКТУ базасындағы Tomorrow School жобасы ІТ саласы мен мемлекеттік басқару үшін өңірлік мамандар резервін қалыптастыруда.

Облыс цифрландыруды одан әрі дамытуға дайын. Келесі кезең – деректер сапасын арттыру және оларды басқару үдерісінде белсенді пайдалану.