Күршім ауданы толықтай интернет пен ұялы байланысқа қосылды

Күршім ауданы толықтай интернет пен ұялы байланысқа қосылды

Шығыс Қазақстан облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Қазіргі таңда өңірдегі 357 елді мекеннің 270-і интернетпен қамтылған. Бұл облыс тұрғындарының 98 пайызын, яғни 705 мыңнан астам адамды құрайды.
Күршім ауданындағы барлық 21 елді мекен ұялы байланыс және интернетпен толық қамтамасыз етілді. Бүгінде бұл мүмкіндікті 13 751 тұрғын пайдаланып отыр. Байланыс желісін дамыту облыс әкімі тапсырмасына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылды.
Шалғайдағы және халқы аз елді мекендерге ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, Қыстау-Күршім мен Қайнар ауылдарында OneWeb арқылы қоғамдық қолжетімділік нүктелері ұйымдастырылса, Аманат ауылында KazSat спутниктік байланыс нүктесі жұмыс істеп тұр. Ал 2025 жылы Егендібұлақ, Амангелді және Жолнұсқау ауылдары алғаш рет ұялы байланыс пен интернетке қосылды.
Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды дамыту білім беру нысандарын да қамтып отыр. Аудандағы 22 мектептің 18-і Starlink спутниктік интернетіне қосылған.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік цифрландыру саясаты аясында орындалды.