
2025 жылғы 30–31 қазан күндері Oskemen Hub базасында өткен Codemasters Hackathon 4.0 жас әзірлеушілер мен IT-энтузиастарды біріктірген 48 сағаттық технологиялар мен инновациялар марафоны болды.
Хакатонға барлығы 80 қатысушы қатысып, 17 команда құрылды. Биылғы іс-шара барысында Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы өкілдерімен бірлесіп талқыланған тапсырма аясында қатысушылар интерактивті қала картасын пайдалана отырып, тыйым салынған заттарды таратумен айналысатын тұлғалардың әрекеттерін анықтау және жолын кесуге арналған цифрлық шешімдер әзірледі.
48 сағат ішінде қатысушылар өз идеяларын жүзеге асырып, заманауи технологиялар мен деректерді талдау әдістерін қолданды.
Жеңімпаздар үш үздік жоба болып анықталды:
Dev Com — азаматтарға күмәнді орындар туралы хабарлауға мүмкіндік беретін интерактивті карта мен анонимді хабарлама функциясы бар шешім ұсынды.
DataNomads — қалалық белсенділікті нақты уақытта бақылауға мүмкіндік беретін деректерді визуализациялау жүйесін жасады.
Komputerny Oslik — алгоритмдер көмегімен мүмкін болатын жасырын орындарды болжауға мүмкіндік беретін аналитикалық платформаны әзірледі.
Сонымен қатар, төртінші орынды иеленген командаға ынталандыру сыйлығы ретінде Oskemen Hub мерчі табысталды.
Codemasters Hackathon 4.0 өңірдің IT-қоғамдастығын дамытуға, жастардың инновациялық идеяларын жүзеге асыруға және әлеуметтік маңызы бар мәселелерге заманауи технологиялық шешім ұсынуға бағытталған маңызды шара болды.