Шығыс Қазақстан облысында өңірдің инвестициялық әлеуетіне арналған форум өтті. Оған Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Корея, Беларусь, Швеция және Бельгия елдерінің дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.
Форумды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашып, бұл шара халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге жол ашатынын атап өтті. "Біз инвесторларға қолайлы орта ұсынып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етеміз. Әр жобаға жеке қолдау көрсетеміз", – деді әкім.
ШҚО – өнеркәсіп, ғылым, табиғи ресурстар мен туризм бағытында әлеуеті зор өңір. Форум аясында туризм, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік бойынша панельдік сессиялар өтті.
Қатысушылар қатарында Швеция, Корея елшілері және «Даму» қоры мен облыстық басқарма өкілдері болды. Облыс әкімі шетелдік іскер топтарды биыл қыркүйекте Өскеменде өтетін "Altai Invest-2025" халықаралық форумына шақырды.