Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет бекіткен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында еліміздің шалғай өңірлерін сапалы байланыспен қамту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жобада үш негізгі бағыт айқындалған, соның бірі — цифрлық инфрақұрылымды дамыту. Бұл бағыт антенна-мачталық құрылғыларды орнату, талшықты-оптикалық байланыс желілері мен электр жеткізу желілерін тарту арқылы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар мен елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, шалғай ауылдық аймақтарға интернет желісі тартылып, халыққа сапалы әрі қолжетімді байланыс мүмкіндігі жасалуда.
Осы орайда, Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданына қарасты Зимовье ауылында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (сауда белгісі – Tele2 / Altel) операторы арқылы 3G мобильді интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілді. Байланыс инфрақұрылымын дамыту мақсатында антенна-мачталық құрылым аудандық бюджет есебінен салынды.
Бүгінде Зимовье ауылының тұрғындары тұрақты мобильді байланыс пен интернет қызметін еркін пайдаланып отыр. Бұл өз кезегінде ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін арттырып, тұрғындардың өзара байланыс орнатуын, сондай-ақ мемлекеттік және цифрлық қызметтерді тиімді пайдалануын қамтамасыз етті.
Аталған жұмыс — ауылдық өңірлердегі цифрлық теңсіздікті жоюға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Мұндай бастамалар ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.