Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!

Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!

Сіздерді Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Осы айтулы күндер – қазақстандықтардың барлық буынын біріктіретін, шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрамдар.

Жеңіс күні – тарихи естеліктер жаңғырып, болашақ ұрпаққа бейбіт күннің қадір-қасиетін өсиет ретінде жеткізетін күн. Бұл мейрам еліміздің ертеңі үшін жанын пида еткен қаһарман аға-апаларымыздың ерліктерін еске түсіреді. Жеңіске жету жолында аянбай еңбек етіп, майдандағы жауынгерлерді әскери техникамен, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз еткен тыл еңбеккерлерінің де зор үлесін ұмытпауымыз керек. Майданға жолданған 10 оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны баршаға аян. 

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесінің бірінен соң бірі келуінің тарихи терең мәні бар. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңімпаздардың әскери дәстүрі мен Отан қорғаушылардың қазіргі буынының сабақтастығын білдіреді. Аталарымыз бен әкелеріміздің озық дәстүрін жадымызда сақтау, кейінгі ұрпаққа оларды үлгі ету – біздің қасиетті борышымыз.

Айтулы мерекелер қарсаңында соғыс және тыл ардагерлерінің жанқиярлық ерліктерін бағалап, тағзым етеміз.

Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері! Сіздерге және байтақ Отанымызды қорғап жүрген барлық әскерилерге зор денсаулық, толайым табыс пен құт-береке тілейміз!

Әрдайым еліміздің аспаны ашық, болашағы жарқын болсын! Көк байрағымыз желбіреп, әнұрамыз шырқала берсін!