«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы»

 «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы»

Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылғы 20 қазанда мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» облыстық байқауын өткізді.

Шараның мақсаты -  мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру.

Байқауға Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен қалаларынан қазақ тілін жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы этнос өкілдері  қатысты.

Байқаудың бірінші кезеңінде қазылар алқасы  қатысушылармен  алдын-ала ұсынылған 3 минуттық бейнероликті бағаласа, екінші кезеңде қатысушылар ұяшықтар таңдап, берілген тақырыпта ой толғады. Үшінші кезең бойынша «Менің тәуелсіз Қазақстаным» тақырыбында эссе жазды.

                Облыстық байқаудың  қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы «Отбасы банк» АҚ менеджері Ибрагимова Равана Дашгынкызы Бас жүлдеге лайық деп танылып,  республикалық кезеңге жолдама алды. I орынды Күршім ауданының 31767 «В» әскери бөлімінің Радиолокациялық станция басшысы Кузнецов Александр Александрович, II орынды Семей қаласындағы  М.Әуезов атындағы педогогикалық колледжінің студенті Ягель Мария,  III орынды Риддер қаласының «Әлем» бөбекжай – балабақшасы» КМҚК қызметкері Шарипова София Сагдиевна иеленді.

Байқау жеңімпаздары Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының арнайы дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.