Этнос жастары арасындағы «Абай оқулары» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

Этнос жастары арасындағы «Абай оқулары» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен этнос жастары арасында өткен «Абай оқулары» республикалық байқауы өз мәресіне жетті.
2020 жылғы 21 қазанда ZOOM платформасы арқылы онлайн режимінде өткен байқауға республикамыздың барлық өңірлерінен көркем сөз оқу және ән айту шеберлігін қатар игерген 18 бен 35 жас аралығындағы 17 этнос өкілі қатысты.
Шараның мақсаты - қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөз қорын Абай шығармашылығы арқылы насихаттау.
Байқауды қазылар алқасының төрғасы, ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Р.Ә.Төлемісова құттықтау сөзбен ашып, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің республикалық байқау өткізу туралы бастамасын қолдап, байқауға қатысуға ниет еткен этнос өкілдеріне алғысын білдірді.
Байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер Абайдың поэзиялық шығармаларынан немесе қара сөзінен үзіндіні және М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа мәнерлеп оқыды. Бұл кезеңде мемлекеттік тілді еркін меңгерген қатысушылар ешқандай акцентсіз қазақ тілінің майын тамыза таза сөйлеп, ерекше көзге түсті.
Ал екінші кезеңде халық әнін немесе Абайдың әнін орындау арқылы әншілік қабілеттерін танытты.
Сонымен қатар байқау ережесіне сәйкес қазылар алқасы үміткерлердің «Абайдың тілі – адамзаттың рухани қазынасы» тақырыбындағы үй тапсырмаларын бағалады. Аталған тақырыпта дайындаған 1-1,5 минуттық бейнероликтер байқауға қатысушылар идеяларының креативті болуымен ерекшеленіп, мазмұны, тіл қолданысының тазалығы, сапасы мен музыкалық сүйемелдену жағынан қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Абайдың ғибратты туындыларынан нәр алып, республикалық байқауда бақтарын сынаған қатысушылардың білімі мен өнерін бағалаған қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Пак Темур Андреевич (Шымкент қаласы), 1-орынды Алеханова Мухаббат (Жамбыл облысы), 2-орынды Исхакова Розалия Аликовна (Ақтөбе облысы), 3-орынды Богуцкая Диана Аркадьевна (Шығыс Қазақстан облысы) иеленді. Сонымен қатар «Абай оқулары» республикалық байқауының «Қара сөздің хас шебері» аталымы бойынша Стомма Райгуль Александровна, «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымы бойынша Сергей Воронцов (Солтүстік Қазақстан облысы), «Әнді сүйсең, менше сүй» аталымы бойынша Яковлев Денис Викторович (Нұр-Сұлтан қаласы) және Шарипова Дильназ Тылливалдывна (Алматы облысы), «Абайдың тілі – адамзаттың рухани қазынасы» аталымы бойынша Жумабекова Ксения Антоновна (Павлодар облысы) марапатталды.
Жеңімпаздарға Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің арнайы дипломдары және бағалы сыйлықтар тапсырылды.

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы