Маусымның үшінші жексенбісінде еліміз Медицина қызметкерлерінің күнін атап өтті

Маусымның үшінші жексенбісінде еліміз Медицина қызметкерлерінің күнін атап өтті

Маусымның үшінші жексенбісінде еліміз Медицина қызметкерлерінің күнін атап өтеді. Сол мереке қарсаңында Ақжар мәдениет үйінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

  

Тарбағатай ауданының №2 аудандық ауруханасының ұжымы халыққа медициналық көмек көрсетіп, қалтқысыз қызмет етуде жоғары жауапкершілік пен тиянақтылық танытып, тынымсыз етіп келеді. Әлемді жайлаған пандемия кезінде дәрігерлер, мейірбикелер уақытпен санаспай, бастарын тәуекелге тігіп жұмыс атқарғаны баршамыздың есімізде.

   

Салтанатты шара барысында Тарбағатай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғабитқазы Атыханов,  Ақжар ауылындағы Тарбағатай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Айдын Ожайтов, Ақжар ауылдық округінің әкімі Дәуітбек Ниязбеков бас дәрігер, PhD докторы Елжан Манарбекұлы бастаған медицина ұжымына ақжарма лебіздерін білдірді. Салтанатты шарада бірқатар медицина қызметкерлері мерекелік медальдармен және аудан әкімі Асхат Сайдахметұлының, ауылдық округі әкімі Дәуітбек Ниязбековтің алғыс хаттарына ие болды. Салтанатты жиын Ақжар мәдениет үйінің мерекелік концертімен ұштасты.

  

Тарбағатай ауданының №2 аудандық ауруханасы бүгінде соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен толығуда. Сонымен қатар, мемлекеттің қолдауымен Израиль, Литва секілді шет мемлекеттерге барып, білімін жетілдіріп жатқан дәрігерлердің де қатары артуда.

 

 Бас дәрігер Елжан Манарбекұлының айтуынша, 19 мың халыққа қызмет көрсетіп отырған №2 аудандық ауруханаға мемлекеттен тиісті қаржы бөлінген, нәтижесінде цифрлық рентген аппараты алынбақ. Онда томография, рентген сәулесіне түсіру, рентгенография қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар, мобильді флюраппарат, аудиологиялық скриниг құрылғысы, оттегі стансасы әкелініп орнатылмақшы.

 

Келесі жылы Шығыс Қазақстан облысының аудандары ішінде арнайы маманы болуына байланысты компютерлік томография да Ақжар ауылына әкелінбек. Мұның барлығы медициналық қызмет көрсетуде қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жою мақсатында қолға алынған жұмыстар.