Төрт түлікке қол сұғу - ауыр қылмыс

Төрт түлікке қол сұғу - ауыр қылмыс

Төрт түлікке қол сұғу - ауыр қылмыс

 

«Мал – баққанға бітеді» дегендей, төрт түлік малдың қадір-қасиетін білетіндерге оны өсірудің машақаты жақсы мәлім. Алайда, сол жазғы-қысқы бағымын қадағалап, азық-суын дайындап, тұратын орнын жайлап, күтіп отырған үй жануары табан астында қолды болып кетіп жататын жағдайлар орын алуда.

 

2019 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Аталған Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «Мал ұрлау» туралы арнайы жеке бап енгізілді, ол осы Кодекстің 188-1 бабы. Бұл норма 2020 жылдан бастап қолданысқа енді.

 

Мал ұрлау - яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру болып табылады. Жаңа норманың енгізілу мақсаты - мал ұрлығының санын азайту.

 

Осылайша, мал ұрлығы қылмыс санаты бойынша дәрежесіне қарай қылмыстық ауыр санатына ауыстырылды.

 

Яғни, осы мал ұрлығына арналған баптың бірінші бөлігінде мал ұрлығының жазасы қылмыс жасаған тұлғаның мүлкі тәркілене отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

Егер мар ұрлығы топпен және ірі көлемде жасалса, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады.

 

Ал, мал ұрлығын бірнеше рет жасаса немесе қоражайға кіру арқылы жасаса, он жылғы дейін бас бостандығынан айырылады.

 

Егер, мал ұрлығы қылмыстық топ арқылы немес аса iрi мөлшерде жасалса,  мүлкi тәркiленіп, он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Демек, бұл баптың санкциясындағы жаза өте қатал.

 

Осы санаттағы қылмысты жасағандар, яғни мал ұрлағандар, малынан айырылған жәбірленуші тараппен бітімгершілікке келе алмайды, яғни бұл жерде екі тараптың татуласуына жол берілмейді.

 

Сотта татуласу институты да жұмыс істейді, яғни тараптар татуласып дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттейтін.  Бұл дегеніміз, бұрын келген шығынды өтеп берсе, яғни ұрланған малын жәбірленушіге қайтарып берсе немесе орнын толтырса, кешірім беріліп, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғамен татуласу мүмкін болатын.

 

Енді, ауыр қылмыс санатындағы мал ұрлығы медиация тәртібінде реттеуге жатпайды.

 

Бұл өзгерістер ‑ мал ұрлығына  тосқауыл болып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың санын азайтып, ата кәсіппен айналысатын ауыл тұрғындарының одан әрі шаруасын дөңгелетіп, меншік құқығының қорғалуына заңмен кепілдік беретінінің айғағы.

 

Тарбағатай аудандық сотының

кеңсе меңгерушісі Динара Бектасова