Таланттар ауылдан шығады

Таланттар ауылдан шығады

                                 Таланттар ауылдан шығады

 

Таланттар ауылдан шығады. Әлі де солай. Тек, соларды демеп, шоғын үрлеп маздатып отыру қажет-ақ. Өнердің өріне шығарып, кәсіби тұрғыдан шыңдала түсуіне түрлі өнер байқауларының берері мол. Әсіресе, кейінгі жылдағы пандаемия салдарынан біршама тоқтап қалғаны болмаса, дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген ауданның мәдениет күндерінің көрермен көзайымына айналғаны рас. Биыл да сол игі үрдіс қайта жалғасын тауып «Ұлттық мәдениет-ұлт қазынасы» деген атпен ауданның барлық ауылдық округтерінде дүркіреп өтті.

Тарбағатай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі биылғы байқауды Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы, Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығы, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Роза Бағланованың 100 жылдығы және Балалар жылы аясында ұйымдастырыпты. Көркемөнерпаздар байқауының форматы да таптаурын емес, әрқилы ерекшелігімен көпшіліктің есінде қалғандай. Біртұтас композициялық концерттік бағдарлама, кітапхана ісі бойынша оқырман тартуға байланысты жаңа форматтағы іс-шара және қолөнер шеберлерінің көрмесі бірін-бірі толықтырып, «Ел іші өнер кеніші» екендігін айғақтай түсті.

Мәдениетпен мерейленіп, өнермен өрістеген Жаңаауыл, Маңырақ, Жетіарал, Құйған, Қабанбай, Қарасу, Тұғыл, Ақжар, Ақсуат, Екпін, Ойшілік, Құмкөл, Кіндікті, Қызылкесік, Көкжыра, Жәнтікей, Сәтбаев ауылдық округтерінде болған көркемөнерпаздар байқауы араға екі жыл салып халықпен қайта қауышты. Көрермен де сахнаның сазды әуендерін әбден сағыныпты. Көркемөнерпаздар байқауына жоғарыда аталған 17 ауылдың мектеп, балабақша, клуб үйлерінің, кітапхана ұжымдарының қызметкерлері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Сахнада Хормен шығып, қазақтың кең даласындай шырқаса, енді бірде фольклорлық-этнографиялық, жанұялық, ұлт- аспаптар, эстрадалық ансамбльдер айрықша көңіл-күй сыйлады. Жеке әндер, вокальдар да орындалды. Жыр, терме, күй туындылары ұлттық рухымызды аспандатты. Көркемсөз оқылғанда әдебиет әліміне саяхат жасалғандай болды.

Балалар шығармашылығы да бей-жәй қалдырмады. Кішкентай өнерпаздар сахнының сәнін кіргізді. Кітапхана ұжымдары театрландырылған көріністер көрсету арқылы кітап оқу мәдениетін ұтымды жеткізді.

Мәдениет күндері аясында ауылдарда өткізілген іс-шаралар Ақжар ауылында гала-концерт ретінде қорытындыланды. Алдағы күндері дәл осындай гала-концерт Ақсуат ауылында да шымылдығын түрмек. Сахнада сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлмінің басшысы Нәзипа Бөкешқызы өнер арқылы ауылдар арасындағы береке-бірлікті бекемдей түсетін, жаңа есімдердің шығуына мүмкіндік сыйлайтын көркем өнерпаздар байқауының маңызына тоқтала келіп, қатысушыларды алғыс хаттармен, түрлі дәрежелі дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен мараттады.

Ауылдың өнері өрістесе, қазақтың мәдениеті қанатын кең жаяды. Өнер бұлағының бір бастауы ауылда. Ұлттық рухты мәдениетіміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы жүйелі насихатталуымен тығыз байланысты.