Келіссөздің екінші кезеңі өтті.

Келіссөздің екінші кезеңі өтті.
2021 жылдың 13-қазанында Маңырақ ауылдық округінің аумағындағы бентонит саз балшығын өндіру жұмыстарымен айналысып жатқан «Таған» кен орнында қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өткізілген еді.
Оған «Алтай минералдары» ЖШС-ның атқарушы директоры В.Г.Данилов, өндірістік жөніндегі директор Ә.Тайынов, аудан әкімінің орынбасары Қ.Мауадинов, аудандық мәслихат хатшысы А.Боғырбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы С.Альясов, Ақжар ауылдық округі әкімінің орынбасары Ә.Байжұманов, ақсақалдар алқасының төрағасы С.Бектаев, кен орнындағы кәсіпорын жұмысшылары қатысып, өндірістік компанияның атқарып жатқан жұмыстары туралы өзара пікір алмасып, талқылау өткізді. Жиында Өскемен қаласында орналасқан кәсіпорынның ауданда еншілес мекемесін ашу жөнінде уағдаластыққа негізделген келіссөздер жүргізілген болатын.
Бүгін аудан әкімдігінде сол келіссөздердің екінші кезеңі өтті. Оған аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы, «Алтай минералдары» ЖШС-ның қауіпсіздік және сыртқы байланыс жөніндегі директоры Равиль Рахимов, орынбасары Мейрамбек Жакупжанов, өндірістік жөніндегі директор Әбен Тайынов, аудан әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров, аудандық мәслихат хатшысы Асқар Боғырбаев, Тарбағатай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қуаныш Умаров қатысты.
Келіссөздер нәтижесінде «Алтай минералдары» ЖШС-ның Тарбағатай ауданынан еншілес мекемесін ашу және салық түсімдерін жүйелі түрде аудандық бюджетке аударып отыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл мәселе екі айдың ішінде түбегейлі шешіліп, орындалатын болып келісілді.
Бүгінгі таңда кен орнында Ақжар, Тұғыл, Маңырақ және тағы басқа ауылдардан 21 жергілікті тұрғындарымыз еңбек етуде.