Жер заңнамасындағы өзгерістер туралы

Жер заңнамасындағы өзгерістер туралы

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 маусымдағы № 59-VII Заңымен Жер кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Негізгі инновациялар:

1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функцияларын қалалар мен аудандар әкімдіктерінен облыстарда жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық бөлімшелерді құра отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне беру.

2. Шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жеке меншікке беруге және жер пайдалануға тыйым салу.

Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне жеке меншік немесе жер пайдалану құқығы 3 ай мерзімде иеліктен шығарылуға жатады.

3. Мемлекеттік шекараның шекаралық аймағы шегінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тек уақытша жер пайдалану құқығымен және тек қана ҚР азаматтары мен шетелдік қатысуы жоқ ҚР заңды тұлғаларына беру.

4. Елді мекендер шегінде жайылымдық алқаптарды жеке меншікке беруге және жер пайдалануға және оларды жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың мұқтажына ғана пайдалануға тыйым салу.

5. Жер учаскесін берген сәттен бастап бес жылдық жалдау мерзімі өткеннен кейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде мемлекеттен осы құқықты сатып алмай жер пайдалану (жалдау) құқығымен азаматтық-құқықтық мәмілелер рұқсат етілді.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер пайдалану құқығын иеліктен шығарған жер пайдаланушы азаматтық-құқықтық мәміле жасалғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде жер учаскесі орналасқан жердегі ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органын (жер қатынастары бөлімін) жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.

Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартын жер қатынастары бөлімі азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде бастапқы жалдау мерзімі өткенге дейінгі мерзімге жаңа жер пайдаланушыға қайта ресімдейді.

Жаңа жер пайдаланушыда жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шарты талаптарының өзгерістері тіркелген кезден бастап туындайды.

Жоғарыда көрсетілген талаптарды бұза отырып, жеке және (немесе) заңды тұлғалармен жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелер жарамсыз болып табылады.

Бұл ретте шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының азаматында, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасында уақытша өтеулі жер пайдалану құқығында болуы мүмкін Ауыл шаруашылығы

мақсатындағы жер учаскелерінің жалпы жиынтық мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерінен аспауға тиіс.

6. Жергілікті атқарушы органдардың еркін жер учаскелері және жоспарланатын сауда-саттық (аукциондар) бойынша ақпаратты Мемлекеттік мүлік Тізілімінің веб-порталында, өзінің интернет-ресурстарында және халыққа қолжетімді орындарда арнайы ақпараттық стенділерде тоқсан сайын орналастыру міндеті.

7. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен өтініш беруші оны алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жер комиссиясының хаттамалық шешіміне сотқа шағым жасау мерзімі белгіленген.

Жер комиссиясы жұмыс органының жер комиссиясының хаттамалық шешімдерін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органының интернет-ресурсында ай сайын орналастыру міндеті.

8. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа шығарылатын жер учаскелерінің ең жоғары мөлшерлерін жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерге қарай аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктері мен мәслихаттарының бірлескен шешімдерімен айқындау. Бұл ретте көрсетілген мөлшерлер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерінен аспауға тиіс.

9. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысқан кезде осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға жер учаскесін алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі.

 

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 15 қазандағы № 297 бұйрығымен жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын сату жөніндегі Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) Мемлекеттік мүлік Тізілімінің веб-порталында электрондық түрде ұйымдастыру және өткізу қағидалары бекітілді.

Осы Қағидаларға сәйкес қалалар мен аудандардың әкімдіктері жер учаскелерін сатуды және жалдау құқығын сатуды порталда электрондық сауда түрінде ғана жүзеге асырады gosreestr.kz.

 

"ШҚО жер қатынастары басқармасы" ММ