"Шығыс-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы М.Бақытқызының Тарбағатай ауданына жұмыс сапары

"Шығыс-Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы М.Бақытқызының Тарбағатай ауданына жұмыс сапары

Жуырда «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Маржан Бақытқызы Тарбағатай ауданының активімен кездесу өткізді.

    Оған аудан әкімінің орынбасары Е.Ескендіров, аудандық мәслихат хатшысы А.Боғырбаев, аудан әкімдігінің аппарат қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен дербес ведомстволардың басшылары қатысты. Басқа ауылдық округтердің де тиісті сала мамандары жиынды «Zoom» арқылы көріп отырды.  Жиында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексіне енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, сыбайлас жемқорлыққа қатысты әлеуметтік бейне-роликтер көрсетілді.

     Жалпы, Маржан Бақытқызы ауданға сапары аясында аудан әкімдігінің бірінші қабатындағы азаматтардың мемлекеттік қызметтерді жедел және кедергісіз алуына арналған «ашық әкімдіктің» жұмысымен танысты. «Open space» форматында жұмыс істейтін «ашық әкімдік» моделін ендігіде Ақжар және Тұғыл ауылдық округтеріне енгізу қолға алынбақшы екен. «Ашық әкімдік» кеңсесі Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайды. Яғни, тұрғындар, бұрынғыдай бірнеше мекеменің арасында табан тоздырмай, уақыт оздырмай, бір жерден ғана жедел түрде мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады.

    Сондай-ақ, «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі «Бір қабатты Шығыс» жобасы аясында Ақсуат, Ақжар ауылдарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен салынып, қолданысқа берілген қоспәтерлі баспаналардың сапасына қоғамдық бақылау жүргізіп, тұрғындарымен әңгімелесті.  Және де «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасымен» Ақсуаттың көше-көшесіне тартылып жатқан ауызсу жүйесінің жұмысын бақылап көрді.

     Сонымен қатар, «Сапалы жол» жобасы аясында республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» автожолы және Ақсуат ауылындағы Қабанбай көшесі, Ақжар ауылдық округіндегі Байжігіт, Молдағұлова, Дәулетбай, Жамбыл көшелеріндегі жолдардың сапасымен танысты. Жөндеу жұмыстарын атқарған «ПМК-Құрылыс», «Зайсан-Құрылыс», «Синьсин» сынды мердігер компаниялардың өкілдерімен жүзбе-жүз сөйлесіп, Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының қызметкерлері салынған жолдардың асфальтынан арнайы құрылғымен ойып тұрып сынама алды.

    «Мониторинг барысында асфальтты ойып, оның құрамы мен жобаға сай стандарты сараланады. Зертханалық тексеріске 3-4 күн уақыт кетеді. Егер, тексеріс барысында қандай да бір олқылықтар анықталса, мердігер ұйымдарға ескерту жасалып, кемшіліктердің орнын толтыру үшін уақыт беріледі. Берілген уақытқа сәйкес, мердігер ұйым олқылықтардың орнын толтырмаған жағдайда жауапкершілікке тартылады. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы облыстың барлық қала, аудандарында салынып жатқан жол сапасын тұрақты түрде бақылауда»,-дейді Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақытқызы.