АҚПАРАТТЫҚ ХАТ

АҚПАРАТТЫҚ ХАТ

Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылуының алдын алу, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану кезінде жауапты әрі әдепті мінез-құлық таныту қажеттігіне назар аударамыз.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер кең көлемде ақпарат тарату алаңы болып табылады. Онда орналастырылған жеке жарияланымдар, фотосуреттер, бейнематериалдар, пікірлер, мәртебелер (статустар) және өзге де ақпараттар көпшілікке қолжетімді болып, мемлекеттік қызметші туралы пікір қалыптастыруға және азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сеніміне әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде келесі қағидаларды сақтау ұсынылады:

1. Жеке және ресми аккаунттарды ажырату.

Мемлекеттік органдардың, құрылымдық бөлімшелердің және лауазымды тұлғалардың ресми парақшалары тек қызметтік ақпаратты өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде орналастыру үшін пайдаланылуы тиіс.

Мемлекеттік қызметшінің жеке парақшасы оның жеке ақпараттық кеңістігі болып табылады. Алайда оның мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына, мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген шектеулерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

Бұл ретте парақшада «жеке парақша» деген белгі қою немесе жарияланған пікірдің жеке көзқарас болып табылатынын көрсету мемлекеттік қызметшіні заңнама талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын сақтау міндетінен босатпайды.

2. Жарияланымдарды, фотосуреттерді, бейнематериалдар мен мәртебелерді (статустарды) орналастыруға жауапкершілікпен қарау.

Әлеуметтік желілерде:

* мемлекеттік қызметтің немесе мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін;
* мемлекеттік қызметшінің кәсіби және моральдық-әдептік қасиеттері туралы теріс пікір қалыптастыратын;
* сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарына қайшы келетін;
* мүдделер қақтығысының туындауына негіз болатын;
* балағат, қорлайтын, арандатушылық немесе адамның қадір-қасиетін кемсітетін сипаттағы;
* мемлекеттік қызметшінің жоғары мәртебесіне сәйкес келмейтін мінез-құлықты көрсететін;
* қолжетімділігі шектеулі мәліметтерді немесе көпшілікке жариялауға арналмаған қызметтік ақпаратты қамтитын материалдарды орналастырудан аулақ болған жөн.

Мәртебелерге (статустарға), Stories форматындағы жазбаларға, фотосуреттер мен бейнематериалдарға ерекше назар аудару қажет, себебі қысқа уақытқа орналастырылған ақпараттың өзі басқа пайдаланушылар тарапынан сақталып, таратылып, қоғамдық талқылауға түсуі мүмкін.

3. Сыбайлас жемқорлыққа қарсыҚайырлы күн, әріптестер! Барлық мемлекеттік қызметшілер үшін шектеулерге қайшы келетін жарияланымдарға жол бермеу.

Мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік желілерде қымбат тұратын заттарды, сән-салтанатты, демалысты және өзге де материалдық игіліктерді олардың алынуының заңды көзі анық көрсетілмеген жағдайда көрсетуі азаматтардың тарапынан негізді сұрақтар туындатып, мемлекеттік қызметшінің беделіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескеруі қажет.

Әлеуметтік желілерді мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарына сәйкес келмейтін коммерциялық қызметті, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді жарнамалау немесе ілгерілету мақсатында пайдалануға жол берілмейді.

Сондай-ақ қызметтік жағдайын, лауазымын, мемлекеттік рәміздерді, мемлекеттік органның ресурстарын немесе мемлекеттік органның беделін жеке мүддесіне пайдаланғандай әсер қалдыратын жарияланымдардан аулақ болу қажет.

4. Қызметтік әдеп нормаларын сақтау.

Әлеуметтік желілерді жүргізу кезінде мемлекеттік қызметшілер мынадай қағидаттарды басшылыққа алуы қажет:

* адалдық;
* әділдік;
* шынайылық;
* азаматтар мен әріптестерге құрметпен қарау;
* әдептілік және ұстамдылық;
* объективтілік;
* өз әрекеттері мен пікірлері үшін жауапкершілік.

Азаматтармен, әріптестермен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен жария түрде жанжалға түсуге, балағат сөздер айтуға, қорқытуға, кемсітуге, сондай-ақ қызметтік әдеп талаптарына сәйкес келмейтін нысанда интернеттегі пікірталастарға қатысуға жол бермеу қажет.

5. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесін есте сақтау.

Мемлекеттік қызметші ресми немесе жеке аккаунтты пайдаланғанына қарамастан, оның әлеуметтік желілердегі жария мінез-құлқы өзі қызмет атқаратын мемлекеттік органмен байланыстырылуы мүмкін екенін түсінуі тиіс.

Кез келген материалды жарияламас бұрын өзіңізге мынадай сұрақтар қойған жөн:

Бұл заңнама талаптарын бұзбай ма?
Бұл Әдеп кодексіне қайшы келмей ме?
Жарияланым лауазымды жеке мүддеге пайдалану туралы түсінік қалыптастырмай ма?
Ол мемлекеттік қызметтің беделіне кері әсер етуі мүмкін бе?
Мен бұл жарияланымның мазмұнын басшылық пен азаматтарға түсіндіруге дайынмын ба?

Күмән туындаған жағдайда мұндай жарияланымды орналастырудан бас тартқан жөн.

Мемлекеттік қызметшілердің заңнама талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын сақтауы тек жұмыс уақытында және қызметтік міндеттерін орындау кезінде ғана емес, сонымен қатар олардың ақпараттық кеңістіктегі жария мінез-құлқына да қатысты екеніне назар аударамыз. Бұл ретте мұндай мінез-құлық мемлекеттік қызметтің беделіне және заңнамада белгіленген шектеулерге әсер етпеуі тиіс.

Мемлекеттік органдар мен аппараттардың басшыларына осы ақпараттық хатты барлық мемлекеттік қызметшілерге жеткізуді және тиісті профилактикалық әрі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету ұсынылады.

Осы ұсынымдардың негізгі мақсаты — мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілерді пайдалану құқығын шектеу емес, жауапты цифрлық мінез-құлықты қалыптастыру, әдептік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және мемлекеттік қызметтің жоғары беделін сақтау.