
Мемлекеттік қызметшілердің ақпараттандырылу деңгейін арттыру және қызметтік ақпаратты қорғауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру мақсатында «Мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жауапты мамандар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға қызметтік міндеттерін орындау кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша негізгі талаптар түсіндірілді. Қызметтік ақпаратты, дербес деректерді қорғау, ақпараттық жүйелерді, электрондық поштаны және электрондық цифрлық қолтаңбаны қауіпсіз пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар заманауи киберқауіптердің негізгі түрлері, олардың алдын алу жолдары, кибергигиена қағидаттары және цифрлық ресурстармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі талқыланды. Мемлекеттік қызметшілерге электрондық хаттармен, белгісіз сілтемелермен және файлдармен жұмыс істеу кезінде аса сақ болу, сондай-ақ қызметтік ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу жөнінде ұсыныстар берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушыларға ақпараттық қауіпсіздік талаптарын күнделікті қызмет барысында сақтау бойынша қажетті түсіндірмелер мен ұсынымдар берілді.
Осындай іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларының алдын алуға және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.