АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
16 шілде күні аудан әкімінің төрағалығымен кезекті әкімдік отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ тиісті бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер қаралып, жалпы 1 мәселе және 2 ақпарат тыңдалды.
1 мәселе бойынша Тарбағатай аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қаламқас Жұмашқызы Жумажанова «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу туралы» баяндама жасады. Баяндама барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында арнайы мониторингтік топ құрылып, мониторинг барысында бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге ескерту берілгендігі туралы баяндалды.
Сонымен қатар Тарбағатай аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асхат Тлеубекұлы Тлеубеков «2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы бюджет қаражатының игерілуі туралы» ақпарат берді. Бюджет қаражатын тиімді әрі уақтылы игеру, жоспарланған жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Бюджет қаражатын тиімді игеру бойынша ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына ескерту берілді.
Үшінші болып Тарбағатай аудандық Мансап орталығы директорының міндетін атқарушы Мейіржан Еділұлы Рамазанов «Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту туралы» баяндады. Ақпарат барысында жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту және оларға қолжетімді жұмыс орындарын ұсыну бағытындағы жұмыстар қаралды. Сонымен қатар жұмыспен қамтылмаған азаматтарды бос жұмыс орындарына орналастыру және мемлекеттік бағдарламаларға тарту шараларын күшейту қажеттігі айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша аудан әкімі тиісті бөлім басшылары мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, көтерілген мәселелердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.