16 маусым күні Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен тікелей эфир барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы инвестициялық жобалар туралы айтып өтті.
Өз сөзінде аудан әкімі 2026 жылдың қаңтар–мамыр айлары бойынша Тарбағатай ауданында бірқатар негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын жеткізді. Өнеркәсіптік өндіріс пен инвестициялық белсенділік артып, аудан экономикасының даму қарқыны күшейіп келетінін айтты.
Эфир барысында аудан әкімі аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі өндірістік жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, «Бенто Технологии KZ» ЖШС жүзеге асыратын жобасы, Тәуке ауылындағы асфальт-бетон зауытының іске қосылуы және «East Smelting» ЖШС қолға алған молибден-мыс кен байыту комбинаты жобасы өңір экономикасына тың серпін бермек. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдеу технологияларын енгізу, суармалы жер көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатқанын жеткізді. Аудан әкімі балық шаруашылығы саласының да дамып келе жатқанын айтып, «CRYSTAL LAKE» ЖШС балық өңдеу зауытын салу жобасын іске асырып жатқанын айтты. Бұл жоба толық іске асқан жағдайда жылына 6 мың тонна балық өнімдері өңделетін болады.
Тікелей эфир барысында ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштері, инвестициялық ахуалы, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері мен алдағы даму жоспарлары туралы жан-жақты айтып өтті.
Тарбағатай ауданында өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өңірдің экономикалық өсіміне және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуде.