Бүгін Абай атындағы орта мектебінде және М. Әуезов атындағы Ақжар мектеп-интернат-колледжінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын түсіндіруге арналған маңызды кездесу өтті.
Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Өмірхан Әйкенұлы, аудан әкімі аппаратының басшысы Ермек Төлеуханұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Бақтиярұлы, аудандық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Төлеген Әбілғазыұлы, жастар ресурстық орталығының директоры Тасқын Манатұлы, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Тарбағатай аудандық филиалының төрайымы Арайлым Муслимқызы қатысты.
Кездесу барысында Конституция жобасындағы негізгі жаңашылдықтар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге бағытталған нормалар, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері кеңінен түсіндірілді. Спикерлер Ата Заңның ел дамуы мен қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудегі шешуші рөлін атап өтіп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ой-пікірлерін білдіріп, Конституция жобасына қатысты сұрақтарын қойды. Кездесу қорытындысында мұндай түсіндіру жұмыстарының қоғам үшін, әсіресе жас ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттыруда маңызы зор екені айтылды.