Шетелде туған баланың тууын рәсімдеу
Бүгінде әлемнің түпкір-түпкірінде өмір сүріп жатқан отандастарымыздың шетелде отбасын құрып, перзенттерін дүниеге әкелуі қалыпты жағдайға айналып отыр. Осындай жағдайда баланың құқықтық мәртебесін дұрыс рәсімдеу- ата-ананың басты міндеттерінің бірі.
Осыған орай, Неке-отбасы заңнамасына сәйкес шетелде туылған балалардың тууын тіркеуге негіз болатын құжаттардың тізімі кеңейтілді.
Бүгінгі таңда шетелде туылған баланың туу туралы мәліметтері ақпараттық жүйелерде жоқ, себебі туу туралы куәлік шетелдің тіркеуші органдарымен берілген.
ҚР-ның «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 188 бабы, 4 тармағына сәйкес егер баланың ата-анасы Қазақстан Республикасынан тыс жерде туылған кәмелетке толмаған баланың туу туралы куәлігін рәсімдегісі келсе, олар қалауы бойынша шетелдік тіркеуші органдарда тіркелгеніне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға (АХАТ бөлімдеріне) барып, шетелде берілген туу туралы куәлікті (қажет болған жағдайда апостиль мөрі қойылған немесе заңдастырылған) ұсынса жеткілікті. Баланың нақты туылған жері көрсетіліп, жаңа туу туралы куәлік беріледі.
Мысалы, бала Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей елдерінде туылса, ата-анасы туу туралы куәлігін АХАТ бөліміне ұсынып, баланың туған жері Өзбекстан,Тәжікстан,Ресей деп көрсетілген Қазақстан Республикасының туу туралы куәлігін ала алады. ТМД елдерінде берілген құжаттарға апостиль қою немесе заңдастыру қажет еместігін атап өту қажет.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы неке отбасы заңнамасы Қазақстан аумағында тұратын шетелдік азаматтарға қазақстандық туу туралы куәлік алу құқығын көздейді.
Қазақстандық үлгідегі туу туралы куәліктің болуы «электрондық үкімет» порталында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алуға: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекке тұру, денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелу, жәрдемақы алу, көші-қон мәселелері т.б. және бала туралы мәліметтерді мемлекеттік органдардың барлық жүйелерінде олардың құзыреті шегінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Кодекстің 280-бабына сәйкес шет мемлекеттердің құзыретті органдары берген, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде азаматтық хал актілерінің жасалғанын растайтын құжаттар Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
Азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесінде мемлекеттік тіркеуге жататын (туу туралы актілік жазбаны қоспағанда), Қазақстан Республикасының тіркеуші органы немесе шетелдегі мекемесі мүдделі тұлғалардың өтініші бойынша азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесінде Қазақстан Республикасынан тыс жерде азаматтық хал актісін тіркеу туралы белгі қояды.
Шетелде өмір сүру-әр отбасының жеке таңдауы. Демек, қай өңірде өмір сүрсе де, баланың құқықтық мәртебесі мен азаматтық жағдайын заң аясында рәсімдеу-әрбір ата-ананың парызы деп түсінгеніміз жөн.
Тарбағатай аудандық
АХАТ бөлімінің басшысы Г.Қалтаева