2025 жылғы 12–20 маусым аралығында Шығыс Қазақстан облысында сібір бекіресінің шабақтарын жіберу жұмыстары жүргізілді. Іс-шара Марқакөл ауданына қарасты Боран ауылы маңындағы көпір жанында, трансшекаралық өзеннің бастауында орналасқан Қара Ертіс өңірінде өтті.
Бұл шара құнды бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру және өңірдегі маңызды су айдындарының бірі саналатын өзен экожүйесін сақтау мақсатында ұйымдастырылды.
Аталған өзен бөлігі «мәңгілік тыныштық аймағы» деп аталады – мұнда балық аулау жыл бойы тыйым салынған, бұл табиғи жолмен балық санының артуына қолайлы жағдай жасайды.
Сібір бекіресін сақтау және көбейту мақсатында Қара Ертіс өзеніне бір және екі жастағы шабақтарды жіберу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар бекіре тұқымдас балықтардың тұрақты түрде көбейіп, су қоймасындағы биологиялық әртүрліліктің сақталуына бағытталған.
Айта кету керек, шабақтар жүктелуі түнде басталды, ал таңертең тірі балық тиелген автокөлік Усть-Каменогорск – Самар ауданы – Күршім ауданы – Марқакөл ауданы бағытымен жүріп өтіп, белгіленген орынға жеткізілді. Жол бойы мамандар цистерналардағы су температурасы мен оттегі деңгейін тұрақты бақылауда ұстады.
— Біз қазір өзен жағасында тұрмыз, сібір бекіресін жіберу жұмысы өткен аптадан бері жүргізілуде, — деді ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Амиров. — Бүгін бұл жерге екі жасар сібір бекірелері жеткізілді, қазір екі көліктен бірден өзенге жіберілетін болады. Қара Ертіс — бекіренің тарихи мекені, тіпті оны бекіренің отаны деуге болады.