Шығыстың былғары қолғап шеберлері Азия чемпионатынан қос алтынмен оралды

Шығыстың былғары қолғап шеберлері Азия чемпионатынан қос алтынмен оралды

Еліміз үшін және Шығыс Қазақстан облысы үшін абыройлы жеңісті Алтай қаласынан шыққан Шыңғыс Ахметов пен Темірәлі Темірбаев жеңіп алды.

Иордания астанасы — Амман қаласында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Бұл жарыс алғаш рет World Boxing ұйымының бастамасымен өтіп, 18 елдің мықты спортшыларын жинады. Жарыста 15 және 17 жасқа дейінгі екі жас санаты бойынша жүлделер сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы тамаша нәтиже көрсетіп, жалпы саны 44 медаль иеленді, оның 16-сы — алтын. Осылайша, қазақстандықтар жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, Үндістан мен Өзбекстан құрамаларын артта қалдырды.

— Азия чемпионатына дейін балалар бірнеше іріктеу кезеңінен өтті. Алдымен облыстық чемпионат, кейін аймақтық кезең, одан соң Қазақстан Республикасының чемпионаты болды. Осы сайыстардың жеңімпаздары ұлттық құрамаға іріктелді. Бұдан соң үш оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Бұл жеңістердің артында үлкен еңбек тұр — бапкерлердің, ата-аналардың, облыстық спорт басқармасының, федерацияның және жеке жаттықтырушылардың еңбегі. Балалардың өздері де аянбай тер төкті. Көп нәрсе көлеңкеде қалды, бірақ бұл — ауыр еңбектің жемісі, — деді ШҚО жасөспірімдер құрамасының бокстан жаттықтырушысы Азамат Серікұлы.
Жас чемпион Шыңғыс Ахметов үшін бұл — халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңіс. Бұған дейін ол тек республикалық жарыстарға қатысқан.

— Мен Иорданияда өткен Азия чемпионатына барып, үш жекпе-жек өткіздім және бірінші орынды иелендім. Қарсыластарым Иордания, Украина және Иран елдерінен болды. Қарсыластарым мықты болды, бірақ мен жеңісті қолдан бермедім. Маған жанкүйер болған барлық адамдарға алғыс айтамын! Бұл — менің алғашқы халықаралық жарысым. Осындай нәтижеге қол жеткізгеніме қуаныштымын. Арманым — кәсіби боксшы болып, әлем чемпионы атану, — деді Шыңғыс Ахметов.
Азия чемпионы атанған Темірәлі Темірбаев жеңісін әрдайым қолдау көрсететін ата-анасына арнады.

— Бұл — менің алғашқы Азия чемпионатым, ол сәтті өтті. Жарыс 12 күнге созылды. Үш жекпе-жек өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеттім. Ең қиын кездесу үнді спортшысымен болған жартылай финал еді. Додамыз өте тартысты өтті. Турнирге 1 сәуірден бастап Алматыдағы Олимпиадалық резерв базасында жеке бапкерім Серік Сембиевпен бірге дайындалдым. Ол маған рухани қолдау көрсетіп, дайындықта көп көмектесті, — деді Темірәлі Темірбаев.
Спортшылардың финалдық жарысы күні Алтай қаласында LED-экрандар орнатылып, бүкіл қала жас спортшылардың өнерін тамашалады.

Енді чемпиондар алда күтіп тұрған жаңа додаларға дайындалмақ. Олардың әрқайсысы болашақта биік белестерді бағындыруды және спорттық мансабын дамытуды қалайды.