
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының Спорт күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шара барысында облыс әкімінің жүлдесіне арналған 2026 жылғы Халық спорты ойындарының қорытындысы жарияланып, өңірдегі спорт саласының дамуына үлес қосқан ардагерлер, спортшылар, бапкерлер мен меценаттар марапатталды.
Жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйлеп, спорт қауымдастығын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өңір басшысы бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын және жергілікті спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктерін ерекше атап өтті.
Жалпыкомандалық есеп қорытындысы бойынша Халық спорты ойындарының жеңімпаздары анықталды:
І орын — Өскемен қаласының құрамасы;
ІІ орын — Глубокое ауданының құрамасы;
ІІІ орын — Күршім ауданының құрамасы.
Сонымен қатар, спорттық доданы жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев пен Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов марапатқа ие болды.
Мерекелік шара аясында сала үздіктеріне құрмет көрсетілді:
«Еңбек ардагері» медалімен КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанәділ Атаев пен бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Речицкий марапатталды.
«ҚР еңбек сіңірген спорт шебері» құрметті атағы жеңіл атлет Фаина Мейірмановаға берілді.
Пәтер сертификаттары ел тарихында алғаш рет командалық семсерлесуден Әлем чемпионы атанған отандастарымыз Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходовқа табысталды.
Ақшалай сертификаттармен грек-рим күресінен Азия чемпионы, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Темірлан Тұрдақын, оның жеке бапкері Данияр Әбілов, сондай-ақ семсерлесуден Әлем чемпиондарының жаттықтырушылары Сергей Шабалин мен Ксения Вендерских марапатталды.
Өңірдегі спортты қолдап, бұқаралық дене шынықтыруды дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазаревке, демеушілер Марат Мұзапаровқа, Сымбат Дүйсенғазинге, Ришат Ахметовке және ШҚО Семсерлесу федерациясының президенті Игорь Грязновқа алғыс білдірілді.
Салтанатты шара облыстың шығармашылық ұжымдары дайындаған мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.