Шығыс Қазақстан облысында Спорт апталығы өтуде

Шығыс Қазақстан облысында Спорт апталығы өтуде

Шығыс Қазақстан облысы Спорт апталығын ауқымды түрде атап өтуге қосылады. Бұл ісшаралар халық арасында салауатты өмір салты мәдениетін нығайтуға және өңіріміздің спорттық әлеуетін паш етуге бағытталған. Шығыс Қазақстандағы Спорт апталығының бағдарламасы өте мазмұнды және спорттың сан алуан бағытын қамтиды. Ресми бастау 8 тамызда бұқаралық спорт күнімен берілді, ол веложарыстар, жаппай жаттығулар мен спорт фестивальдері арқылы белсенді демалысты ұнататындардың басын қосты. Одан кейінгі күндер арнайы тақырыптарға арналды: 9 тамыз отбасылық спорт күні, 11 тамыз еңбек ұжымдарының спорттық жетістіктері, ал 12 тамыз мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған «Ерекше күн» инклюзивті спорт күні ретінде атап өтілді. Мерекелік іс-шаралардың шырқау шегі 14 тамыз — Спорт күні болмақ, бұл күні саланың үздік қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімдері өтеді. Апталық 15 тамызда Чемпиондар күнімен аяқталады, оның аясында ашық жаттығулар, кәсіби шеберлік сабақтары және атақты спортшылармен кездесулер жоспарланған. Өңірлік бағдарламада 11-16 тамыз аралығында Өскемен қаласында өтетін Шығыс Қазақстан облысының XXIV Халық спорт ойындары ерекше орын алады. Ойын бағдарламасына волейбол, футбол, ұлттық спорт түрлері (тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі), сондай-ақ шахмат, жеңіл атлетика және т.б. 14 спорт түрлері бойынша жарыстар кіреді. Ойындарға 1700-ге жуық адам қатысады деп жоспарланған.Сонымен қатар, облыстың аудандары мен қалаларында күрес, бокс, ауыр атлетика, үстел теннисі, шахмат және шағын футболдан бірқатар жергілікті турнирлер ұйымдастырылды. Іс-шаралар Риддер, Алтай, Зайсан, Самар, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандарын қамтиды. Айта кетейік, биыл еліміз бойынша Спорт күніне орай 250-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бұған дейін елордада Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің қатысуымен «10 000 қадам» акциясы ұйымдастырылып, оған мыңға жуық қала тұрғыны қатысты.