Өскеменде «Oskemen Open 2026» халықаралық шахмат фестивалі мәресіне жетті

Өскеменде «Oskemen Open 2026» халықаралық шахмат фестивалі мәресіне жетті

Шығыс Қазақстан облысында тоғыз күнге созылған интеллектуалды дүбірлі дода ресми түрде жабылды. Фестиваль аясында 199 шахматшы бақ сынап, 900-ге жуық тартысты партия ойналды.

Жарыс екі негізгі санат бойынша өтті: • Masters турнирі: 16 елден келген 77 үздік спортшы өнер көрсетті. Олардың қатарында 22 халықаралық гроссмейстер (GM), 1 әйелдер гроссмейстері (WGM) және 29 халықаралық шебер (IM) бар. • Open турнирі: 122 шахматшы шеберлік байқасты.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 50 миллион теңгені (100 000 АҚШ доллары) құрады. Оның 45 миллион теңгесі Masters турнирінің жүлдегерлеріне бұйырды (1-орын — 9 млн ₸, 2-орын — 7 млн ₸, 3-орын — 5 млн ₸). Ал Open турнирінің жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады.

Өскемен қаласы бұл халықаралық фестивальді осымен үшінші жыл қатарынан жоғары деңгейде өткізіп отыр.

Ауқымды шараны Қазақстан шахмат федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігі, ШҚО әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Үстел теннисі орталығы бірлесе ұйымдастырды.