
Шығыс Қазақстан облысының таэквондо мектебі халықаралық аренада теңдессіз тарихи нәтижеге қол жеткізді! Алматы қаласында өткен ІІ-ші халықаралық «Казахстан OPEN» G1 рейтингтік турнирінде өңіріміздің дарынды спортшысы Төлеуғали Батырхан қарсылас шақ келтірмей, алтын тұғырдан көрінді.
Бұл жеңістің жөні де, маңызы да ерекше. Батырхан финалдық жекпе-жекте нағыз сенсация жасап, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, Тунис елінің ең үздік файтері Фирас Катусиді (Firas Katoussi) айқын басымдықпен ұтты. Жерлесіміз даңқты қарсыласын 3-ші раундқа жеткізбей, 2:0 есебімен уақытынан бұрын таза жеңіп, өзінің әлемдік деңгейдегі жоғары шеберлігі мен темірдей мінезін паш етті.
Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Төлеуғали Батырханды, оның жеке жаттықтырушыларын және облыстық таэквондо федерациясын осынау тарихи триумфпен шын жүректен құттықтайды! Олимпиада шыңын бағындырған мықтыны тізе бүктіріп, еліміздің көк туын көкте желбіреткен жас батырымызға алдағы халықаралық Гран-при бәсекелері мен әлем чемпионаттарында жаңа белестерді бағындыра беруді тілейміз. ШҚО сенімен мақтанады, Батырхан!