
2026 жылғы 19–24 маусым аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында семсерлесуден Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі доданың қорытынды күнінде әйелдер арасындағы командалық шпага сайысында құрлықтың 15 үздік ұлттық құрамасы өзара мықтыны анықтады. Тартысты өткен бәсекеде Қазақстан Республикасының әйелдер құрамасы жоғары дайындық пен теңдессіз шеберлік көрсетіп, Азия біріншілігінің қола медалін жеңіп алды.
Бұл халықаралық табыстың Шығыс Қазақстан облысының спорт мектебі үшін орны ерекше. Ел намысын абыроймен қорғаған ұлттық құрама сапында өңіріміздің дарынды спортшысы Владислава Андреева өнер көрсетті. Сондай-ақ чемпиондық төрттіктің құрамында Ирина Бакалдина (Батыс Қазақстан облысы), София Николайчук (Алматы қаласы) және Дарья Самоделкина (Алматы қаласы) болды.
Жүлдеге апарар жолда отандық шпагашылар алдымен Таиланд құрамасын 45:22 есебімен, содан кейін Жапония командасын 45:42 есебімен қапы қалдырды. Жартылай финалда әлемдік рейтингтің көшбасшысы — Оңтүстік Корея құрамасына есе жіберген (29:45) отандастарымыз үшінші орын үшін өткен шешуші кездесуде Сингапур ұлттық құрамасынан 42:39 есебімен басым түсіп, Азия чемпионатының тұғырына көтерілді.
Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Владислава Андрееваны, әйелдер құрамасының барлық мүшелерін және бапкерлер құрамын осынау зор жетістігімен шын жүректен құттықтайды! Спортшыларымызға алдағы халықаралық жарыстарда жаңа белестерді бағындыруды, сарқылмас қажыр-қайрат пен тек жарқын жеңістер тілейді!