ӨСКЕМЕНДЕ ШАХМАТТАН «SENAT OPEN – 2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІНІҢ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛЫ ӨТТІ

ӨСКЕМЕНДЕ ШАХМАТТАН «SENAT OPEN – 2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРІНІҢ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛЫ ӨТТІ

2026 жылғы 8 маусымда Өскемен қаласында шахматтан «Senat Open – 2026» республикалық турнирінің жартылай финалы жалауын желбіретті. Зияткерлік сайысқа Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу облыстарынан және Алматы қаласынан келген 123 үміткер қатысты. Шахмат тақталарында Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен шахмат қозғалысының ардагерлері бас қосып, өзара мықтыны анықтады.

Тартысты өткен кездесулердің қорытындысы бойынша командалық есепте келесі ұжымдар үздік шықты:

  • І орын — Шығыс Қазақстан облысының командасы;

  • ІІ орын — Жетісу облысының командасы;

  • ІІІ орын — Алматы облысының командасы.

Жартылай финалдық кезеңнің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген 53 мықты шахматшы ағымдағы жылдың 26 маусымында Астана қаласында жалауы желбірейтін «Senat Open – 2026» Кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы жартылай финал жеңімпаздары мен жүлдегерлерін айтулы табысымен құттықтайды! Өңіріміздің намысын қорғайтын зияткерлерге елорда төрінде өтетін бас финалда сәттілік тілеп, жүлделі орындардан көрінулеріне ниеттестік білдіреді.