
Түркияның Стамбул қаласында дәстүрлі «Fetih Kupası» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Әлемнің 40-тан астам елінен ең үздік мергендер жиналған айтулы додада Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы, Қойтас ауылының тумасы Олжас Дюсупов ерекше шеберлік танытып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жасын бәсекеде бақ сынаған жерлесіміз садақ атудың ұлттық түрі — жамбы ату (30 метрлік қашықтық) бағдарламасы бойынша жүлделі 2-орынды иеленіп, халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Оқу-жаттығу жиындарындағы тыңғылықты дайындық пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігердің арқасында көк туымызды халықаралық аренада асқақтатқан батырымызды туған жерінде спорт жұртшылығы мен жанкүйерлер ерекше ықыласпен, салтанатты түрде қарсы алды. Олжастың бұл жарқын жетістігі — өңіріміз бен еліміз үшін үлкен мақтаныш.
Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Олжас Дюсуповты және оның бапкерлер құрамын халықаралық деңгейдегі жеңісімен құттықтайды. Спортшымызға қазақтың мергендік өнерін әлемдік деңгейде паш ету жолында қажымас қайрат, мықты денсаулық және алдағы дүбірлі жарыстарда жаңа алтын биіктерді бағындыра беруді тілейді!