
Спорттық бағдарлау бөлімінің спортшылары табиғи кедергілері бар күрделі рельефте жүгіруден ұйымдастырылған «Altay Race» таулы трейл-жарысына қатысты. Өңіріміздің жас спортшылары көркем әрі қиын соқпақтармен өткен қашықтықтарда бақ сынап, өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Трейлраннинг — бұл тек жылдамдық қана емес, сонымен қатар таулы өрмелеуді, тік түсулерді және әртүрлі табиғи кедергілерді жеңуді талап ететін күрделі спорт түрі. Мұндай жарыстар спортшылардың физикалық төзімділігімен қатар, психологиялық тұрғыдан ширығуын да сынайтын тамаша мүмкіндік болып табылады. Сайысқа қатысқан барлық балалар қашықтықты абыроймен бағындырып, нағыз спорттық мінез, табандылық пен жеңіске деген ерік-жігер танытты.
Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы спортшыларды табысты өнер көрсетулерімен құттықтайды. Бұл бағыттағы жарыстар спортшыларға құнды бәсекелестік тәжірибе жинақтауға, шеберліктерін шыңдауға көмектесетінін атап өте отырып, жерлестерімізге алдағы старттарда жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілейді.