
Өскемен қаласының теміржол вокзалында Гонконгте жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасында (U20) өткен Азия чемпионатының жүлдегерлерін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, Шығыс Қазақстан облысының мерейін асқақтатқан спортшыларды туған-туыстары, спорт жұртшылығы және жанкүйерлер зор қошеметпен күтіп алды.
Құрлықтық дода қорытындысы бойынша ШҚО жеңіл атлеттері ұлттық құрама қоржынына маңызды марапаттарды салды:
Күміс жүлде — Киденко Софья Сергеевна (Қазақстан құрамасы сапында 4×400 метрлік эстафеталық жарыста);
Қола жүлде — Өмірзақ Асқар Абайұлы (жеңіл атлетиканың ең күрделі бағдарламаларының бірі — онсайыс түрінен).
Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы дарынды спортшыларымыз бен олардың бапкерлер құрамын осынау айтулы халықаралық жетістігімен құттықтайды. Өңір мақтаныштарына алдағы уақытта да кәсіби шеберліктерін шыңдап, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жаңа биік белестерді бағындыра беруді және көк туымызды тұғырдан түсірмеуді тілейді.