ӨСКЕМЕНДЕ ТАЕКВОНДОДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖАЛАУЫ ЖЕЛБІРЕДІ

ӨСКЕМЕНДЕ ТАЕКВОНДОДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖАЛАУЫ ЖЕЛБІРЕДІ

2026 жылғы 11 мамырда Өскемен қаласындағы «Жекпе-жек сарайында» таеквондодан (WT) 2012-2014 жылы туған жасөспірімдер мен қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты ресми түрде басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 18 команда қатысып жатқан бұл дода жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналмақ.

Салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев және Қазақстан таеквондо федерациясының вице-президенті Сұлтан Қасымов қатысты. Құрметті қонақтар өз сөздерінде спорттың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шара барысында Федерация президентінің атынан спорттың дамуына үлес қосып жүрген тұлғаларға алғыс хаттар табысталды. Ресми бөлім аяқталған соң, жас таеквондошылар боз кілемдегі алғашқы белдесулерін бастап, чемпиондық атаққа таласты қыздыра түсті.