
Өскемен қаласындағы «Жекпе-жек сарайында» 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биыл 14-ші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі дода Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтың ерлігін ұлықтауға және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.
Жарыстың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев және Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрайымов арнайы қатысып, жас былғары қолғап шеберлеріне сәттілік тіледі. Шараның ерекше сәті ретінде Қасым Қайсеновтың шөберелері сахна төрінде домбырамен күй орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Турнирге Шығыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарынан, сондай-ақ өңірдің аудан-қалаларынан келген 138 спортшы қатысуда. 8 мамырға дейін жалғасатын бәсекеде жас таланттар 14 салмақ дәрежесінде үздіктерді анықтайтын болады.